Ақтөбедегі қарлы боранда 8 адам құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі қарлы боранда 8 адам құтқарылды

28.02.2020

Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы құбылып тұр. Бірі қалың қар мен ақтүтек бораннан қиналса, Маңғыстауда бүгін құмды дауыл соқты. Табиғаттың тосын мінезінен тұрғындар абдырап, көлік қозғалысы қиындады.  

«Қарағанды – Нұр Сұлтан» тас жолында жүргізушілер полицейлерге қарсылық көрсеткен. Ауа райының қолайсыздығынан жолға шығуға тыйым салған сақшылардың сөзіне мүлдем құлақ аспай, тіпті оны көлікпен басып кете жаздаған. Және сол полицейді күшпен жұлқа тартып, бірнеше көлік тас жолға шығып кеткен.

Ақтөбеде Мәртөк ауданының Ресейге жақын Полтавка және Байторысай елді мекендері арасында қалып қойған жолаушылар құтқарылды. Екі көлікте 8 адам болған. Қарлы бораннан жол талғамайтын автокөліктің өзі жүре алмаған.

Ал Маңғыстауда шаңды дауыл соғып, жұртты әбігерге салды. Көлік қозғалысы қиындады.Полицейлер қауіпсіздік шараларын күшейтті. Синоптиктер, құмды дауыл ертең тоқтайды деп отыр.

Ақерке БЕРІКБЕК


Хабарламаларға жазылу