Семейдегі «Жылукоммунэнерго» мекемесіне ауаны ластағаны үшін қомақты айыппұл салынды. Экологтар шаһардағы қазандықтарды тұрғындардың шағымынан кейін тексерген. Нәтижесінде жылу нысандарының мұржаларынан шыққан зиянды қалдықтардың шамадан тыс екендігі анықталып, кәсіпорынға 20 миллион 356 мың теңге айыппұл салынған. Оған қоса экологиялық залалды өтеу үшін 44 миллион 700 мың теңгеден астам қаржы төлеуге міндеттелген. Жылу мекемесі болса сот шешімі бойынша, айыппұл төлеуді шегеруді сұраған. Ал кемшіліктерді жою үшін қазандықтарды бастан-аяқ жөндеген. Алайда, жақында жүргізілген тексерістер кезінде қазандықтарға қойылған сүзгілердің тағы жұмыс істемейтіндігі анықталып, түтінмен шыққан күкірт диоксидінің мөлшері тым көп екендігі белгілі болған. Енді экологтар бұрынғыдан да қомақты айыппұл салмақ. Қазір оның мөлшері есептеліп жатыр.