Басты Жаңалықтар Осы аптада Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Осы аптада Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Президенттің қатысуымен аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әрине, көп мәселе қозғалды. Бірнешеуі бойынша өз сөзін берсек. Мысалы, кеден бекеттеріндегі коррупцияға тағы тоқталды.

Президент айтқан осы бағдарламаның бүге-шігесін біз Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан сұрау үшін интервью жоспарлағанбыз. Министр коронавирус жұқтырып, сұхбат жазылмады. Тез жазылып кетіңіз дейміз, негізі сұрақ көп. Мысалы, «Қарапайым заттар» экономикасы не болып жатыр? Біз тіс шұқығышқа дейін сырттан тасимыз. Азық-түлікпен өзімізді өзіміз толық қамтамасыз етпейтініміз өз алдына. Аталған бағдарламаға өте қомақты қаржы бөлінгенін білеміз. Сол не болды?- деген сияқты.

Президент Маңғыстау облысындағы еңбекшілердің наразылығы басылмай тұрғанына да тоқталған. «Мұндайды ашық айтып, жұмысшылардың талаптарын мұқият тыңдау керек. Олардың заңды құқықтары сақталып, қорғалуы керек. Диалог керек», деді. Қарапайым еңбекшілердің басты талабы – жалақыны өсіру. Мардымсыз жалақыға шағымданған митингтерге келсек, мысалы, «Маңғыстау атом энергетика комбинаты – Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің мыңға тарта жұмысшысы ереуілдетті.

Сонымен бірге жұмыссыздықтан шаршағандар аз емес. Мысалы, Жаңаөзеннің азаматтары мұнай-газ саласында әр отбасынан бір адам жұмыс істеуі керек деп есептейді. Мұнай астанасы деген ресми емес атауы бар қаланың тек 15 мың тұрғыны сол салада істейді. Еңбек даулары туралы Данияр Қайыртайдың сараптамасы.

Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы:
Мысалы, Атырау, Ақтау жақтарда қыстыгүні жұмыс істейтін адамдардың қолғабының жоқ болуы, бір кездері сол ұйымдарда зерттеу жасағанымызда сондай кішкене заттарды ғана айтады да, сол кішкене заттар үлкен заттарға алып келіп жатады. Бірінші қоятын мәселе олар қоятын – жұмыс жағдайымызды жақсартыңыз, бізге көңіл аударыңыздар. Оларға пряник сияқты, конфеткамен алдау керек емес. Мысалы, біз содан кейін ашып береміз деген. Ол ең дұрыс емес шешім.

«Тоқашпен» алдау мысалын «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» басшылығы көрсетіп үлгерді. Жұмысшылар жалақыны санатына қарай дифференцияция жасап көтеруді сұраса, бұлар бәріне бірдей 30 пайызға ғана өсіруді шешкен.

Ал басшылық аз жалақы алатын төменгі санатты маманның айлығын 100 пайыз ұлғайтуға мекеменің мүмкіндігі жоқ екенін айтады.

 Талғат Есентүгелов, «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» ЖШС директорының орынбасары:
Егер 100 пайыз орындайтын болсақ, онда тариф көтеру жөнінде біз ұсыныс беруіміз керек. .

Ал «Қазақтелеком» басшылығы еңбекақыны көтеруге қосымша 7 млрд тг бөлінгенін хабарлады. Бірақ бұл шешім Алматыдағы жұмысшылардың ереуіліне дейін қабылданғанын алға тартады.

Берік Битабаров, «Қазақтелеком» АҚ персоналды басқару бойынша атқарушы директоры:
2021 жылы персоналды атқару стратегиясы қабылдадық. Соған сәйкес, 2024 ж дейін жалақы қоры көбейтіледі. Биыл 20 пайыздан 50 пайызға дейін жалақысы көбейтіледі.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ереуілдерге байланысты еңбек қатынастарын реттеумен айналысатын заңгер мен әлеуметтанушыны жаздық. Ал ең басты құзырлы мемлекеттік орган -Еңбек министрлігі мен жұмысшы құқығын қорғауы тиіс ең басты қоғамдық ұйым, әйтеуір солай болуы тиіс Кәсіподақ федерациясы жауап беруден бас тартты.
 Бибігүл Нұрашева, Еңбек құқығы бойынша сарапшы:
Біріншіден, заңды дұрыс орындамау. Екіншіден, заңды орындау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың әлсіздігі мен әрекетсіздігі. Жұмыскердің құқығы бұзылған жағдайда ол мемлекеттік еңбек инспекциясына баруға құқылы.Енді мемлекеттік еңбек инспециясына барып өтініш білдіретін болса, мемлекеттік инспектор біріншіден прокуратурадан рұқсат алуы керек. Егер прокурор рұқсат берсе, мемлекеттік инспектор сол компанияға барып тексеріс жасайды, егер мақұлдамаса жасамайды. Сонда жұмыскер +өз мәселесімен жалғыз қалып отыр. Жұмыскерлер не істейді? Олар бірігеді де далаға шығады.
Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы:
Басшылық пен жұмыскер арасында коммуникацияның бұзылуы – бірінші себеп. Екінші себеп – жұмысшылардың мүддесін қорғайтын еркін кәсіподақтардың жоқ болуы. Үшіншіден, наразылыққа шығу – жанжалдық ең соңғы + нүктесі десек болады. Осының аралығында олар басшылыққа шыққан шығар, өтініш берген де шығар, наразылық көрсеткен де шығар бейбіт түрде, бірақ олар оған көңіл аудармау.

Бибігүл Нұрашева жұмысшылар қайта-қайта бас көтере бермеуі үшін еңбекақы мөлшерін жыл сайын индексациялап отыру керек дейді. Сондай-ақ:

 Бибігүл Нұрашева, Еңбек құқығы бойынша сарапшы:
Әлеуметтік әріптестіктің келісімдерінде жалақының мөлшерін компанияның экономикалық-қаржылық жағдайына байлау керек сияқты. Егер компанияның қаржылық жағдайы жақсаратын болса, жұмыскердің де жалақысы соған ілініп, көтерілуі керек. Жалпы компаниялар қалай дамиды? Адами капиталдың еңбегінің арқасында дамиды.

Жұмысшылар еңбек жағдайына шағымданып, ереуілдеп жүргенде Жаңаөзен тұрғындары жұмыс сұрап, көтерілді.

Жұмыссыздар қаңтардың 31-нен бастап әкімдік алдына күнде жиналады. Он күн ішінде мұнай-газ саласына жұмысқа алуды талап еткендердің тізімі 2500-ға жеткен. Ал облыста құрылған комиссия әзірге 161 адамға ғана жұмыс орнын тапқан. Жыл соңына дейін 400 жаңа орын ашылатынын хабарлады.

Абзал Меңдібаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Қысқа мерзімді жұмыс орындарын ашу бойынша 161 жұмыс орнына қосымша тағы да мекемелермен сөйлесе отырып, жұмыс орындарын көбейту жөнінді жұмыс жүреді. Орта мерзімді, ұзақ мерзімді жұмыстар бойынша жүйелі жұмыс жалғасын таба беретін болады. Комиссияның да өзінің ойы осы схеманың әділдігін қамтамасыз ете отырып, ары қарай орналасатын адамдарда осы схема арқылы жүргізуі.
Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы:
Қазір өтірік жұмысқа тұрғызу науқаны басталып кетті. Бұның да арты өте қауіпті. Кәсіпорындарға сол жердегі мүмкіндігінен тыс, штатқа қажеті жоқ жұмысшыларды алдырып жатыр. Әйтеуір жұмыстандыру. Бірақ ертең кәсіпорын банкрот болатын болса, қазір 60 не 100 адамды сол жерге жұмысқа тұрғызамыз деп ертең 15 мың, 20 мың адам жұмыссыз қалып қояды деген қауіп бар.

Жаңаөзенде 160 мың адам тұрады. Онда аймақтағы ең ірі мұнай-газ өндіруші «Өзенмұнайгаз» компаниясы орналасқан. Компания құрамындағы 16 бөлімшеде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы:
Ол өңірлерде жергілікті жұмысшыларды емес, басқа өңірлерден жұмысшы тартуы, осы наразылық баяғыдан бар. Сондықтан олар өз өңірінде тұра тұрып, өз өңірінде жұмысқа тұра алмайды. Әлбетте олар наразылыққа шығады. Экономикалық талаптар саяси талапқа ауысады. Адамдар кінәлілерді іздейді ғой. Кім кінәлі дегенде, мемлекет кінәлі, өкімет кінәлі, әкімдік кінәлі деген сияқты, кінәліні табу керек. Жанжалдың өзі схемасы бар.
 Данияр Қайыртай, тілші:
Жаңаөзендік жұмыссыздар ғана емес, ресми статистикадағы жұмыссыз деп саналатын 500 мыңға жуық азамат, шын мәнінде одан көп, және жұмыссыз болса да өзін-өзі қамтушы деп тіркелген 2 млн-нан астам адам кедейшіліктің шегіне жетіп ашынғанда соған жеткізген деп есептейтін адамның ескерткіші тұрғанына шыдамайды. Енді ескерткіштер орнатылмас. Орнатылса да символдық мәні бар заттарға. Мысалы, үтікке...

Данияр Қайыртай


Бөлісу