Астана - бүгінде азат елдің айбарын асқақтатқан бас қала. Жамбыл облысының жұртшылығы Елорданың мерейлі мерекесіне ән-жырдан шашу шашты.
Тараз қаласында халықаралық деңгейде «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтіп, әншілер халықпен қосылып, қазақтың 10 әнін шырқады.
Бұл күні Әулиеата жері әуезді сазбен тербелді, ән айтылды. Қисса-дастан жырланды. Өнерпаздар терме толғап, айтыс та жасады. Бірі түрікше, енді бірі қарақалпақша. Оған қырғыздың да мақамы қосылды. Тіл бөлек болғанымен, бастысы - сарын ортақ, тарихы тамырлас.
Гехкан Кара, фестиваль қатысушысы:
Біздің музыкалық аспаптарымыз да ұқсас. Сіздерде домбыра болса, бізде саз деп аталады. Біздің түбіміздің бір екенін әуеннен де байқаймыз. Тек ұлттық дәстүрлерімізге сай, сәл ғана өзгешелігі бар.
Ән кеші мұнан соң шаһардың орталығындағы «Достық» алаңында шырқау биігіне көтерілді. «Құт арылмас - Сарыарқа, елдігімізді асқақтатқан - Астана».
Осындай ізгі тілегі бір арнаға тоғысқан әншілер мен алаңға жиналған көпшілік халық әндерін қосыла шырқады. «Ахау керім» «Сәулем-айға», ««Күміс құман» «Дедім-ай»-ға ұласты.
Қарт Қаратау - ұлтымыздың тағдыр талайына куә болған тарихы ерекше мекен. Енді міне, рухани байлағымызды көпке паш етіп, ел ынтымағын арттырып отыр.
Сәуле Жанпейісова, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Кезінде бабаларымыз қиын кезеңдерді Қаратаудың атымен байланыстырса, міне, бүгінгі біздің Қаратауымыздың аспанында ән қалықтап, баурайында күй шарықтап жатыр. Біз осыған қуаныштымыз.
Бесігін ән тербеген Қаратау саусағынан саз төгілген дәулескер күйшілердің де мекені. Дәстүрімізді жаңғыртқан өнер фестивалінде күйшілер де аянып қалмады. Көңілдің назы қос ішекте шертіліп, шалқар шабытпен күй төгілді.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ