Қожбанбет биге ұрпақтары ескерткіш орнатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қожбанбет биге ұрпақтары ескерткіш орнатты

24.06.2014
Қожбанбет биге ұрпақтары ескерткіш орнатты
Алматы облысы Райымбек ауданы Шалкөде ауылында Қожбанбет биге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.  Қожбанбет би - 1628-1652 жылдары қазақ ханы болған Салқам Жәңгір ханның замандасы. «Есім ханның ескі жолы», деп аталатын заңдар жинағын құрастыруда Қожбанбет бидің де үлесі бар» , дейді тарихшылар.
 
Сүйерқұлұлы Қожбанбет би 1601 жылы дүниеге келіп, 1687 жылы  дүниеден өткен. Қожбанбет - ел бірлігін сақтауға жұртты үндеген би болған. Жоңғар-қазақ арасында 1635 жылдан бастап үдеген соғысқа белсене қатысқан батыр болған.
 
Бидің: «Мен үнемі осылай ел шетінде боламын, Қорғау үшін елімді жау өтіне қонамын»,- деп келетін өлең жолдары соған саяды.
 
Құныпия Алпысбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Қожбанбет өзінің дәуірінде, ел бірлігін сақтауда, елдің ынтымақты болуына үлкен үлес қосқан билердің біреуі. Ұрпақтары басына ескерткіш қойып жатыр.
 
Бабаларға арнап берілген аста палуандарды белдестіру, ат жарыстыру - қазақ халқының ықылым заманнан бергі дәстүрі. Асқа жиналған қауым білекті де жүректі палуандардың белдесуін, өнерпаздардың өнерлерін, ақындардың жыр-шашуын тамашалады.
 
Сәбетай Сыпатаев, ақын:
Әр аңыздың біледі ел - шыны барын,
Шындығы бар, сырын да ұғынамын.
Қожбанбеттің қаны ғой бойымдағы,
Толқып, тұнып толқытқан тұнық ағын.
 
Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер би өмір сүрген дәуір қойнауына енгендей әсер қалдырды. Ал, бәйге алаңында Алматы облысынан жиналған атбегілер сәйгүліктерінің бағын сынады.
 
Бақыт Жағыпарұлы, айтыскер ақын:
«Тай құнанға жеткізеді, құнан атқа жеткізеді, ат мұратқа жеткізеді», деген. Халықтың рухын көтеретін де, өтіп жатқан игі шараның дақпыртының алысқа кеткенінің бір белгісі - осы бәйге.
 
Бабы мен бағы қатар шауып топтан озған Шұғылаторының иесіне автокөлік жүлдесі берілді. Ата-баба дәстүрін жаңғыртқан астың өтуіне жас кезінен қара қылды қақ жарған Қожбанбеттің шешендік қабілеті сеп болды. Бидің соңында «Қосағыңмен дос бол, Үйіңе береке кіреді, Азаматпен дос бол, Қадіріңді біледі», деген сынды ұлағатты сөздері қалды.
 
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу