Түрмеде қамалған бейбіт тұрғындарды бұзақылар мен кісі өлтірген қанішерлерден ажырату керек. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Бас прокурорға осылай деп сауал жолдады. Оның ойынша, төңкеріс жасап, жүздеген адамның өмірін қиғандар заң талабына сай, қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Әйтсе де, содырлардың соңынан еремін деп жазықсыз жапа шеккендер де аз емес. Жуырда Мәжілістің бір топ депутаттары тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен кездескен. Олардың туыстарынан кінәсіздерді босату жөнінде 70-тен астам арыз түсті. Бүгінде олардың көпшілігі өз істеріне өкінуде. Ауыр қылмыстар мен кісі өлтірулер басталған кезде, алаңдағы топты тастап қайтып кетпек болғандар да бар. Алайда, белгісіз біреулер қарумен қорқытып, оларды тәртіпсіздік пен тонауға мәжбүрлеп, көпшілік арасынан шығуға мүмкіндік бермеген, -дейді депутат.
Берік Дүйсенбинов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:Адамдарды өлтіруге және ғимараттарды талқандауға қатысы жоқ күдіктілерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, уақытша ұстау изоляторынан босату керек.
Раушан Сайлауқызы