Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында бірнеше ауыл мал жаятын жайылымсыз қалды. Себебі кооперативтер елдімекендерді айналдыра егін салып тастаған. Ол аздай, алқаптарын иемденіп алғандар топырақты тыңайту үшін құстың тезегін тонналап төгуде. Қолқаны қапқан жағымсыз иістен далаға шығу мұң болды дейді ауыл халқы. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы тарқатады.
Осыдан бірнеше күн бұрын Ростовка ауылының тұрғындары өндірістік кооперативке барар жолды жауып, жүк көліктерін өткізбей қойды. Құлақ асар ешкім болмаған соң, амалсыз осындай қадамға бардық дейді жұрт. Себебі, алқап иелері Құрма, Доскей ауылдарындағы ірі құс фабрикаларынан көңді осы жолмен тасымалдап жатыр. Қолаңса иістен төңіректегі үш ауылдың тұрғындары әбден зәрезап болған.
Берік Құрыбаев, Жаңаталап ауылының тұрғыны:Біз нақты білмейміз, тауық па, шошқаның қиы ма, әйтеуір өте қатты сасып жатыр. Кісілер айтады ана жерде тезекті жеп тауықтар мен түлкілер өліп жатыр деп.
Жергілікті әкімдік мәселені экология департаментіне жеткізген. Олар сынама алғанша уақытша жүк тасымалын тоқтатқан. Бірақ, кооператив өкілі құзырлы орындардың шешімін құлағына да ілмепті. Ростовка ауылдық округіне қарасты жайылым жердің бәрін ықпалды азаматтың басқаруындағы кооператив өзіне қаратып алған. Әкімдік мал ұстап отырған халыққа кемі 32 мың гектар жайылым керек дейді. Ал ауылға тиесілі 37 мың гектардың 30 мыңы кооперативке қарайды. Салдарынан ауылдық округтің 3 бірдей ауылы ұлтарақтай жерге малын сыйғыза алмай отыр.
Мизам Балби, Жаңаталап ауылының тұрғыны:Мал, бұзау мен сиыр түссе де , жылқы түссе де егінге түсті деп штраф салады, ал егіні ауылдың ішіне кіріп тұр. Штраф салады. Бізге келегенде заң бар, халыққа, ал ақшасы барларға заң жоқ. Участковыйы бар, әкімі бар бәрі солардың сөзін сөйлейді, халықты ешкім жақатамайды.
Бұл іске ауылдың ғана емес, аудан әкімі де бас қатырып отыр. Бірақ шешім жоқ.
Тұрғындардың наразылығынан кейін аудан әкімдігі жиын өткізіп, мәселені бір жола шешуді көздеп отыр. Ауыл халқы төрт түлік көкке шыққанша жайылымды қайтарса деп үміттенеді.
Руслан Нұрланұлы