Қарағанды облысында картада белгіленбеген елді мекен бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында картада белгіленбеген елді мекен бар

27.10.2021

Заты бар да, аты жоқ ауыл қайтып күн көрмек? Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында не заңды атауы жоқ, не картада белгіленбеген елдімекен бар. Мал асырап күнін көріп отырған ауылдың онсыз да мүшкіл тірлігінен береке кеткелі үш жыл болды. Ауылға көшіп келген шаруа қожалығы айналдыра егін егіп тастағандықтан, қарапайым халыққа мал жаятын жер де қалмапты. Такси жүруі қиын, тіпті шақырған жедел-жәрдем де уақтылы келмейді дейді тұрғындар. Руслан Нұрланұлының сюжеті.

Руслан Нұрланұлы, тілші: 
Атауы жоқ белгісіз ауыл осы. Не картада көрсетілмеген, нақты мекен-жайы жоқ. Мұнда 50 шақты отбасы тұрып жатыр. Алайда осыдан 30 шақырым жердегі Тұзды ауылының бір ғана көшесі болып есептеледі екен. 

2 жыл бұрын бұл жерге сырттан шаруа қожалығы келіп, ауылды айналдыра егін салып тастаған. Төрт түлігі жайылымсыз қалған жұрт мәселені айтып, аудан басшылығының алдына сан мәрте барған. Алайда нақты атауы мен жеке ауыл мәртебесінің жоқтығы бәріне қолбайлау.

Жерді жалға алған жаңа қожайын ауылды айналдыра 1700 гектар шұрайлы алқапқа егін салып тастаған. Бұдан бөлек тағы біраз жайылымды иемденген. Келешекте мал асырау жоспарда бар көрінеді. Ал ауыл тұрғындарына бұл аумақтарға малын шығаруға рұқсат жоқ. Шарасыз жұрт шөбі сирек, жері тастақ таудың төбесінде төрт түлігін қамап бағуда.

Ерғазы Жакин,ауыл тұрғыны: 
Енді бізге 1200 гектар жер берген. Ол енді таудың үсті, ыңғи қараған қаптаған. Дұрыс шөбі жоқ.

Ауылда әлеуметтік мәселе де көп. Қарағанды маңындағы Сұрыптау станциясының дәл іргесінде болғанымен, Бұқар жырау ауданына қарайды деген желеумен тіпті жедел жәрдем де дұрыс келмейді.

Жергілікті билік ауыл тұрғындарына өзге жайылым берілмейтінін айтты. Ұсынылған таулы, тасты жерді пайдаға жарату керектігін алға тартып деп отыр.

Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары: 
Ол кішкене таулар бар. Малдар жайылған соң жері тозып қалды да, но ол жайылымдық жер. Егіндік жерлерді бере алмайды. Мәжіліс депутаттары, сенаттың депутаттары бұл мәселені көтерген. Елді мекеннің жанында 5-15 шақырымға дейін егістік жерлер бермеңдер деп. Бірақ ол заң ретінде әлі қаралған жоқ.

Сонымен қатар елді мекенге де жеке ауыл мәртебесі берілмейді.Әкімдік өкілдерінің айтуынша, арнайы инфрақұрылымы, әлеуметтік, басқару нысандары болмаған соң бұл мүмкін емес.


Хабарламаларға жазылу