Сұйытылған газдың бағасын тұрақты ұстап тұруда кедергілер өте көп. Бұл туралы Энергетика министрі айтты. Яғни жанар-жағармай сияқты сұйытылған газдың нарық тізбегінде де «өнімсіз делдалдар» бар дейді министр. Мәселен, меншігінде не газ құю, не газ жинақтау станциясы жоқ алыпсатарлар кездеседі. Мұнай өнімдерінің негізсіз қымбаттауына да осындай көзге көрінбейтін ойыншылар әсер етеді. Ведомство басшысының сөзінше, сұйық отынды сыртқа шығаруға салынған тыйым 180 күндік меже біткен соң да жалғасады. Электр энергиясының да бағасы тұрақты болмақ.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Ең бірінші мәселе тапшылық болмауы үшін генерацияны көбейтуіміз керек. Электр желілерінің сапасын көтеруміз керек. Осы жұмыстың барлығын 180 күннің ішінде әзірлеп, сіздерге қосымша ақпарат береміз. Бірақ баға жағына келсек, біз 2021 жылғы бағасын сақтауға тырысамыз.
Биыл жөндеуден өтуі тиіс екі мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстар келер жылға қалды. Мұндай шешім көктемгі егін науқаны кезінде тапшылық болмауы үшін қабылданған. Бұл жайында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.
Шаруаларға дизельдік отынды жөнелту осы ақпан айынан басталады. Биыл егін егу жұмыстары ерте басталатын оңтүстік өңірлерге 800-850 мың тонна сұйық отын бөлу жоспарланған. Сондықтан зауытты жөндеу жұмыстарына жабу кейінге шегерілді деді министр.