Петропавл ботаникалық бағындағы лимон ағаштары мол өнім беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавл ботаникалық бағындағы лимон ағаштары мол өнім беріп жатыр

30.01.2022

100 жылдық тарихы бар Петропавл ботаникалық бағындағы лимон ағаштары мол өнім беріп жатыр. Әр лимонның салмағы жарты келіден асады. Ал шамамен бір айдан соң банандар пісіп жетілмек. Ботаникалық бақта 12 лимон ағашы бар. Оларды өсіріп шығару үшін ерекше күтім қажет. Бағбандар ағаштарды аптасына бір рет суарады. Қыс мезгілінде де ғимараттағы температура +22 градус шамасында болуы шарт.

Артур Рязапов, ботаникалық бақ директоры:

Лимонның ең үлкені 950 грамм тартты. Гибрид. Тұқымы Кубадан әкелінген. Мұндай сұрып жыл өткен сайын өнімді көп береді. Мына ағашқа 30 жылдан асты. Былтыр жазда гүлдеп, тамыз айында жеміс берді. Жазда гүлдегендіктен биыл өнім мол болды.

Ботаникалық бақта банан, ананас, анар, мандарин сынды тропикалық жемістердің басқа да түрлері бар. Петропавл ботаникалық бағы – еліміздегі ең көне оранжерея. Онда сан алуан өсімдіктің 2 мыңға жуық түрі жайқалып тұр.

Теріскейде лимон ағаштарының өнім беріп жатқанын жазып отырып, есімізге италиялық жазушы Джанни Родаридің «Чипполлиноның бастан кешкендері» деген ертегісі түсті. Онда Лимон ханзада бар еді. Сеньор Помидор екеуі әділетсіз, тіпті сұмпайы. Халықты қанап, істемейтіндері қалмайды. Дегенмен соңында өздері «қоңыз теріп» кетеді.


Хабарламаларға жазылу