Астанада банан өсіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада банан өсіп жатыр

21.02.2019

Сарыарқаның сары аязында қайдан тропикалық жеміс шығады деп ойлап отырған шығарсыздар. Ол қаладағы Ботаникалық бақта өсіріледі. Өткен жылы ашылған ерекше бақшада 130 түрлі ағаш пен өсімдік бар. Жеміс ағаштары да жетерлік.

Ботаникалық бақта кішігірім мереке. Осы уақытқа дейінгі тәжірибелерде бірде-бір гүлдемеген банан ағашы алғаш рет өз жемісін берді. Биіктігі 5 метр, жапырақтарының ұзындығы екі метрге жуықтайды. Ені де осал емес.

Шолпан Масалимова, Ботаникалық бақтың меңгерушісі:

- Бұған дейін Алматыдағы жылыжайда банан өсіргенбіз. Бірақ ол жеміс бермеді. Ал, мынау бірінші рет. Бананды үш айдан кейін жеп қалуымыз мүмкін.

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:

 - Ботаникалық бақта 6 түрлі жеміс бар. Солардың бірі кумкват деп аталады. Бұл жемістің ерекшелігі мандарин мен лаймның дәні будандастырылып егілген. Мені оның дәмінің қандай болатыны қызықтырып тұр. Бұл жемісті қабығымен де жей беруге болады. Қышқыл дәмі бар, ерекше екен.

Мұнан басқа апельсин, папайя, кокос, ананас, ваниль жеміс ағаштары да өседі. Ерекше күтімді қажет ететін экзотикалық өсімдіктер әзірге жеміс бере қойған жоқ.

Алина Уразалина, инженер-техник:

- Мен апельсинді суғарып жатырмын. Бұл - көп суды қажет ететін жеміс. Сол себепті біз ағаштың өзіне ғана су құймаймыз, жапырақтарына да су шашып тұрамыз.

Жабық бақта 130 түрлі тропикалық ағаш пен өсімдік бар. Пальманың да түр-түрі өседі. Көбі Испания мен Голландиядан әкелінген. Әрқайсысы өзінше ерекше.

Айнұр Ермекова, ғылыми қызметкер:

- Қанатты непентес деп аталады. Отаны - Филиппин аралдары. Бұл өсімдіктің негізгі ерекшелігі бұл құмыра тәрізді өседі. Оның ішінде сұйықтығы бар. Ішіне түскен шыбын-шіркейлер өліп қалады. Ол солай көректенеді.

Ботаникалық бақтағы оңтайлы жұмыстар өсімдіктердің табиғи климат жағдайында өсуіне мүмкіндік беріп отыр. «Бананның жеміс беруі осымен байланысты», - дейді мамандар. Ал, сәуір айынан бастап экзотикалық бақшаны ел тұрғындары да тамашалай алады.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу