Аз қамтылған отбасыларға пәтерақысының жартысын мемлекет төлеп береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үй жалдағаны үшін төлем беру тетігін әзірледі. Ол 50/50 қағидаты бойынша іске аспақ. Яғни жалға алынған пәтер құнының жартысын Үкімет, жартысын жалға алған адамның өзі төлейді.
Бірақ мұндай көмек барлығына бірдей көрсетілмейді. Тек баспанаға мұқтаж ретінде үй кезегінде тұрған: көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған немесе толық емес жанұялар ғана жәрдемге үміт арта алады. Әрі отбасының табысы жан басына шаққанда 36 мың теңгеден аспауы керек. Бағдарламаны іске асыратын оператор «Отбасы банкі». Әзірге олар төлем алу үшін қайда, қалай өтініш беру керектігін хабарлаған жоқ.