Жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтарға басымдық беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтарға басымдық беріледі

26.01.2022

Биыл жоғары оқу орындарына грант саны 5 мыңға артып, техникалық мамандықтарға басымдық берілмек. Батыс Қазақстан облысында бірнеше оқу орны жоғары техникалық мамандарды даярлайды. Алайда, бұл жеткіліксіз. Сондықтан Мемлекет басшысы тапсырған шетелдік беделді бір оқу орнының филиалы Оралда ашылса, аймақтың ұтары көп. Тақырыпты тілшіміз Ардақ Мұратқызы жалғастырады.

Өңірдегі ірі университет түлектерінің тең жартысы - жоғары техникалық мамандар. Жылына 5 мыңдай студент білім алады. Оқу орны 50-ден астам кәсіпорынмен серіктес. Болашақ маманның өндірісте тәжірибеден өтіп қана қоймай, жұмысқа қалуға да мүмкіндігі бар.
Темірлан Тажен,   студент: 
Университетімізде студенттерге бүкіл мүмкіндік берілген. Сапалы білім алуға, тек теориялық емес. Бітіріп шыққан кезде мен мұнай-газ мамандығының бакалавры болып шығам. Еліміздің кез келген зауыттарында жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар.
Омархан Нияз,   студент:
Бұл мамандықты таңдауыма әр түрлі факторлар себеп болды. Адамзат тарихында осы электр тогының пайда болғанынан бастап, қазіргі таңда және болашақта үлкен сұранысқа ие болады және өзінің құнын жоғалтпайды. Өзіме де қызықты болды, қанша дегенмен ер адам болғасын, техника өзіне тартып тұрады.
Десек те, өңірдегі өндіріс орындарында инженерлік-техникалық мамандар тапшы. Аймақтағы электр өндіру, машина жасау, мұнай-газ, қорғаныс саласындағы зауыттар білікті кадрларға зәру.
Азамат Бисенов,  кәсіпкер: 
Бізде мұнайхимия, мұнай өңдеу саласында техникалық кадрлар тапшы. Зауыттарға технологтар мен конструкторлар жетіспейді. Бұл тек бір кәсіпорынның емес, барлық өндіріс орнының басты проблемасы. Бізде де халықаралық стандарттарға сай, жоғары білікті техникалық кадрлар даярланса, біз шетелден маман шақыруға мәжбүр болмас едік.
Әрине, бір аймаққа бір-екі білім ордасы аздық етеді. Сондықтан Президент тапсырған шетелдік беделді оқу орнының филиалы осы дайын университеттерден ашылғаны дұрыс, дейді жергілікті жұрт. Бұған толық инфрақұрылым, материалдық-техникалық база, ең бастысы, адами ресурс бар. Қазірдің өзінде Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Ресей, Өзбекстаннан да ұл-қыз осында келіп оқиды.
Асқар Нәметов,  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінің ректоры: 
Қазіргі таңда инженерлік кадрлар - жаңа деңгейдегі кадрлар деп есептеу керек. Ол цифрлық технологияны білетін, практикалық әрекеттері жоғары. Және креатив өз ойын іске асыратын мамандар керек. Біз кәзіргі студенттеріміздің негізін құрап, соған әкеліп қойдық, бірақ жаңа технологияны енгізу үшін бізге қосымша шетелдік университеттердің жаңа бағдарламасы керек.
Биыл елімізде жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны 62 мыңға жетпек. Басымдық техникалық, ай-ти, педагогикалық мамандықтарға беріледі. Сондай-ақ, батыс аймақта шетелдік оқу орны филиалын ашу үшін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы сарапталып жатыр.
Жанна Есенбаева,  ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқарма басшысы: 
Қазіргі уақытта осы өңірлерді айқындау бойынша, жалпы қай мемлекеттен жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып отыр. Бұл жұмыс тобы өз жұмысын бастап кетті. Шын мәнінде, осы филиалдарды ашу бізге жоғары білім жүйесіне өз септігін тигізеді деп сенеміз.
Қалай болғанда да, өңір жұртшылығы батыс аймақтағы бір шетелдік оқу орнының филиалы Оралда ашылса, қай жағынан да ұтарымыз көп болады деседі.

Хабарламаларға жазылу