Бүгіннен бастап еліміздің бірқатар өңірінде терроризмге қарсы операциялар тоқтатылды. Яғни Алматы қаласы мен Алматы және Жамбыл облыстарында террорлық қауіптің шекті «қызыл» деңгейі доғарылды. Аймақтарда блокбекеттер де өз жұмысын аяқтады. Қаулы бүгін түнгі 12.00-ден бастап күшіне енді. Бірақ дәл осы уақыттан бастап террорлық қауіптіліктің «қызғылт сары» деңгейі болады. Өйткені құқық қорғау қызметкерлері жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастыруда. Сондай-ақ, күштік құрылымдарға қару-жарақ пен жарылғыш заттарды анықтау мақсатында көліктерді тінтуге рұқсат етілді.
Ал Қарағанды облысында бүгін түнде террорлық қауіптің «сары» деңгейі алынып тасталады. Өңірлік штаб облысқа қарасты барлық 9 қала мен аудандарда жағдайдың тұрақталғандығын хабарлады. Қазір барлық күштік құрылымдар штаттық жағдайда жұмыс істеп жатыр. Облыстағы мекемелер мен ірі кәсіпорындарда және бизнес нысандарында жұмыс бұрынғыдай тұрақты.