Қарағанды облысында газдандыру жобасының екінші кезеңі аяқталды. Енді жыл соңына дейін шамамен 4 мың үйге көгілдір отын жеткізу жоспарда. Бірақ баспана құжаттарының дұрыс болмауы жұмысты баяулатып отыр. Өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.
Талап ауылында ең бірінші болып газға қосылған Сыздық Борхановтың отбасы. Төрт бөлмелі үйін жылытуға бір айда 300 текше метр көгілдір отын жұмсап, 14 мың теңге төлейді.
Сыздық Борханов, Талап ауылының тұрғыны:
Көміріміз 21 мың теңге тоннасы. Енді оның үстіне отыны кіреді. Сонда көмір қымбаттау болып тұр газдан. Газ жақсы болып тұр қазір. Бұрыңғыдай алаңдамайсың. Қазір рахат. Бір жаққа барамын десең уайымдамайсың, кете бересің. Газ жанып тұра береді, бірқалыпты температураны ұстап тұрады. Үй жылы.
Ал Төлеубай Асанғазин әлі от жағады. Үйінің құжаттары дайын болмаған соң әзірге газ тарту мүмкін емес. Аула сыртына келіп тұрған құбырды келесі қысқа дейін ішке кіргізіп алсам, - дейді ақсақал.
Төлеубай Асанғазин, Талап ауылының тұрғыны:
Менің құжаттарым тура қазір дайын тұрған жоқ. Істейтін бір шамалы жұмыстары бар. Соны істеу керек, сосын газды үйге қосамын ба деген ниетім бар. Үйдің айналасындағы жерді жекешелендіру керек екен. Соны үлгермей қалдым.
Талап ауылында 145 үй болса, бүгінде соның тек 11-не газ берілген. Тұрғындардың қолында баспана құжаты болмаған соң техникалық шарт қағазын беру мүмкін болмай тұр. Жергілікті әкімнің айтуынша, қазір 78 үйдің құжаты дайын, қалғаны рәсімделіп жатыр.
Қайрат Бапанов, Талап ауылының әкімі:
Жердің құжаттары, сосын мынау үйдің сызбаларын қайта сыздыру жұмыстарын қазіргі таңда акиматтың мамандары халықпен тығыз қатынаста жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл жерде біздің міндетіміз құқықтық нұсқамалар беріп, сол кісілермен керек кезде архивтік анықтамалар бар, соларды қаладан алуға бірге барып көмектесеміз.
Қазір облысты газдандыру жобасының екінші кезеңі аяқталды. Жыл соңына дейін 4 мың үйге құбыр тарту жоспарда. Бұдан тыс ірі кәсіпорындар да табиғи газға көшпек. Бүгінде облыстағы ортақ тариф әр текше метріне 40 теңге 94 тиын болып бекітілген. Келешекте абоненттер саны көбейсе, бұдан да арзандауы мүмкін.
Руслан Нұрланұлы