Ұлттық арна ұйытқы болған «Медиамектеп» жобасының екінші кезеңі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна ұйытқы болған «Медиамектеп» жобасының екінші кезеңі аяқталды

31.05.2023

Ұлттық арна ұйытқы болған «Медиамектеп» жобасының екінші кезеңі аяқталды. Қара шаңырақта 6 ай бойы тәлім алған студенттерге бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі арнайы сертификат табыс етті. Медиамектеп - мүмкіндік алаңы. Ұлттық арнаның бастамасы арқылы былтыр 30 студент тегін дәріс алып, тәжірибесін шыңдады. Олардың арасынан 10 маман қазір корпорацияда қызмет етіп жүр. Биылғы кезеңге қатысуға 90-нан астам өтініш келіп түсті. Арнайы комиссия іріктеу жүргізіп, бүгін 28 түлек сертификат алды. Елдің әр түкпірнен келген жастар медиада жүрген мықты мамандардан дәріс алды. Телевизияның техникасы мен түрлі технологияларымен танысты. Түсірілім алаңына шығып, сұхбат алуды үйренді. Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай медиамектеп түлектеріне еңбек жолын «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан бастауға мүмкіндік берілетінін атап өтті.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Кез-келген өз-өзін сыйлайты, өзіндік дәстүрі, жолы бар үлкен медиахолдинг ретінде медиамектеп ашады. Және өздерінің шәкірттерін өздері тәрбиелейді. Сондықтан осындай үрдісті «Qazaqstan» телеарнасы қолға алған. Және ол өз жемісін беріп отыр.

 Ернұр Дүйсенғазы, медиамектеп түлегі:

Алты ай бойы ішінде Қазақстан телерадиокорпорациясының қанша жылдан бері жинақтап келе жатқан үлкен тәжірибесін, құндылықтарын бойымызға сіңірдік деп ойлаймыз. Осы тәжірибемізді алдағы уақытта жұмыста қолданамыз.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу