Басты Жаңалықтар Алматыда лаңкестік кезінде университет ғимараттары қираған

Алматыда лаңкестік кезінде университет ғимараттары қираған

Алматыдағы төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзушылар жоғары оқу орындарына да залал тигізген. Ғимараттарын қиратып, студенттерді алаңға шығуға шақырған. Қаладан кетуге үлгермеген білім алушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілді? Бейнематериалдан көрейік.
Сағыныш Ертай, тілші:
Алматының аспаны бүгін төтенше жағдай орнаған күнгідей тұманды. Біз дәл қазір Сәтбаев және Желтоқсан көшелерінің қиылысындамыз. Тәртіп бұзушылар орталық алаңға жақын орналасқан барлық нысанды қиратқан. Солардың бірі мына білім ордасы.
Алаңға жиналушылар 5 қаңтарда түнгі ондар шамасында «Тұран» университетінің мүлкіне тиісуге кіріседі. Терезелерін сындырады, ескерткішті қопарып, қиратады. Дәл маңындағы банк бөлімшесін тонағаннан кейін университет ғимаратындағы банкоматты көздейді.

Елжас Серікұлы, университеттің шаруашылық бөлімінің басқарушысы:
Басында олармен сөйлестік. «Жігіттер, бұл жерде алатын ештеңе жоқ. Бұл - оқу орны. Партадан басқа ештеңе жоқ».
Абырой болғанда, студенттердің басым бөлігі қысқы демалысқа шығып кеткен. Ал жатақханада 20 шақтысы ғана қалған дейді кезекшілікте болған Шәмшіқамар Жүсіпова.
Шәмшіқамар Жүсіпова, жатақхана қызметкері:
Рациямен байланыста болдық. Атыс, жарылыстың дауыстары естілді. Қорқынышты болды. Студенттерді шығармай, қауіпсіздігін қамтамасыз еттік.
10 мыңнан аса студент оқитынСәтбаев университетін де бұзақылар бүлдірген. Оқу орнының бірнеше ғимаратын астан-кестеңін шығарып, қиратып кеткен.
Жатақхана қалашығына да 100 шақты басбұзар кіріп, студенттерді өздерімен алаңға шығуға үгіттепті.
Ажар Мадиярова, студенттік жатақхана бөлімінің меңгерушісі:
Бар адамдарға «шығыңдар, бірге барайық» деп айтылған болған екен. Содан кейін резиновый оқпен стеклоға атылған екен. Терезеге атылған екен, терезе екі стекло болған соң біреуі сынған.
Міне, мынау сол резеңке оқтың өзі. Сондай-ақ жатақхана аумағынантүтіндеткіш қол гранаталары да табылған.
Бағлан Адасхан, студент:
Бізде қорқыныш болды. Түсінбей қалдық не болғанын. 
Студенттер сол оқиғалардан соң далаға шықпақ түгілі, терезеге жолауға қорқып қалған. Ал жоғары оқу орындарының басшылығы оларды өз қамқорлығына алып, қажетті азық-түлікпен де қамтыған.

Сағыныш Ертай

Бөлісу