Қызылордада жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер 50-ден аса автокөлікті өртеп жіберген. Соның ішінде мемлекет меншігінен бөлек, қала тұрғындарының да жеке көліктері бар. Қақтығыстың зардабын тартқан азаматтар енді қайда барып шағымданарын білмейді. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы көптің базынасын тыңдап, мәселенің жауабын іздеп көрді.
Әділбек Серікұлы, тілші:Дүрбелең кезінде отқа оранған көліктерді айыптұрағының алаңына әкеп тастаған. Мұнда қырықтан аса автокөліктің қаңқасы қаңырап жатыр. Соның ішінде 20 жуығы жеке азаматтардың темір тұлпары.
Қала тұрғыны Мақпал Мизамбаеваның осыдан екі ай бұрын ғана несиеге алған көлігін бүлікшілер тонап, артынша өртеп жіберген. Оқиға болған күні жолдасы автокөлігін сауда орталығының аумағына қойып кеткен. Бірақ, түс ауа сол маңда бұзақылар ойран салып, қақтығыстың арасынан көлікті алып кету мүмкін болмапты.
Мақпал Мизамбаева, қала тұрғыны:Адамдар бір-бірін аямай, қырғын не боп жатқан соң алып үлгермедік. Біздің не жазығымыз бар. Бізде қарапайым жұмысшымыз. Бір айлыққа қарап отырған адамбыз. Кредитке алғанбыз. Әлі бес жыл төлеуім керек мысалға.
Ал, бүгін Мәжіліс отырысында тәртіпсіздік кезінде зардап шеккендер мәселесіне қатысты Үкіметке сауал жолданды. Халық қалаулылары қаржылық ұйымдар қарызы бар қарапайым тұрғындарға да қолдау көрсету қажет дегенді алға тартты.
Ерік Өмірғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Қаржылық мониторинг агенттігі барлық банк пен микронесиелік ұйымдарға заңды әрі жеке тұлғалар үшін қарыздары бойынша 90 күнге кейінге төлеуді енгізуді міндеттеу керек. Бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге және табысты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Бесінші қаңтар күні автокөлігі отқа оранып, жаяу қалған Ерлан Исмаилов та бүгінде қайда барып шағымданарын білмей жүр. Оған сақтандыру қорындағылар шығын тек жол-көлік оқиғасы болған жағдайда ғана төленетінін айтып шығарып салған. Енді бар үміті жергілікті билікте.
Ерлан Исламов, қала тұрғыны:Барлық кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жатыр. Ал біз сияқты, жеке адамдардың автокөлігінің тәртіпсіздік кезінде өртеніп кетті. Соның шығынын қалай, кім өтейді? Қарайласып сол жағынан жәрдем берсе халыққа.
Жалпы қаладағы бүліктен кейін полицияға 18 тұрғыннан арыз түскен. Соның ішінде 11 адамның көлігі өртеніп кетсе, жетеуіне зақым келген. Бүгінде мемлекет пен кәсіпкерлерге келтірілген шығынның есебі анықталып, Үкімет тарапынан өтелетіні белгілі. Ал бүлікшілердің кесірінен зардап шеккен жеке азаматтардың шығынын өтеу мәселесі әлі ашық күйінде қалып тұр.
Әділбек Серікұлы