Батыс Қазақстанда әлеуметтік сауда орындарына тұрақтандыру қорынан тауар жеткізіліп жатыр. Аймақта мониторинг тобы құрылып, азық-түлік бағасын бақылауға алды. Төтенше жағдай кезінде ашылған қауырт желіге де 50-ден астам шағым түскен.
Оралда алғашқы әлеуметтік дүкен күзде ашылды. Мұнда ең бірінші қажеттіліктегі азық-түлік құны нарықтағы бағадан 20-30 пайызға төмен. Сөредегі тауар - негізінен жергілікті кәсіпкерлердің өнімі.
Қалада бұдан бөлек 15 әлеуметтік дүңгіршек бар. Қазір оларға тұрақтандыру қорынан тауар түсіп жатыр. Жергілікті кәсіпкерлерден 800 млн теңгенің азық-түлігі жеңілдікпен алынған.
Мейірбек Нұркен, «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры:Макарон - 194 теңгеден, сұйық май - 620 теңгеден, ұн - 142 теңге, 1500 теңге - ет бағасы. Жергілікті тауар өндірушілерге берілген киоскілер, бағалары өте арзан базарға қарағанда. Тұрғындар осыннан келіп алуына болады.
Ксм: Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауардың 22 мың тонна қоры бар. Кейбір сауда орындарында сүт, құмшекер, орамжапырақ бағасының өскені байқалады. Қазір мониторингтік топтар бағаны жіті қадағалап отыр.
Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының ресми өкілі:Осы айдың аяғына дейін шекті бағалар бекітілетін болады. Содан кейін жергілікті атқарушы орган ары қарай тағы да жұмыстанады.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:Тауарлардың бағасын бөлшек сауда субьектілері көтереді. Атап айтқанда, үйдің жанындағы дүкендер. Осы дүкендер көбіне 15 пайыздық сауда үстемесін сақтамайды. Осыған байланысты «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тарапынан саудаға бақылау қадағалау функцияларын күшейту қажет деп есептеймін.
Төтенше жағдай кезінде барлық өңірлердегідей облыста да бағаны негізсіз көтеру дерегін алдын алу және жол бермеу мақсатында туралы қауырт желі іске қосылды. Қазір тұрғындардан қанша шағым түскені нақтыланып жатыр. Бағаны негізсіз көтерген және сөз байласқан, тапшылық тудырған кәсіпкерлер анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ардақ Мұратқызы