Басты Жаңалықтар Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты Үкімет бірқатар шаралар қабылдайды

Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты Үкімет бірқатар шаралар қабылдайды

Үй маңындағы дүкендер бағаны негізсіз көтереді. Бүгін Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин осылай деді. Сондықтан бақылау шаралары күшейе түспек. Жыл басынан бері бағаға мониторинг жасаған олар 8 іске қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Елордадағы тұрғын үйлер маңы. Аттап бассаң дүкен, дүңгіршек толып тұр. Тұтынушыларды сөзге тарттық.

Дүкендердің біріне кірдік. Иесімен тілдестік. Оның сөзінше баға талапқа сәйкес 20 пайыз қосылады. Мәселен жаңа әкелген мына сүт 240 теңгемен келген. Дүкенші оны 290 теңгеге сатады.

Гүлім Ахметова, дүкен иесі:
Тауарға 20 пайыз қосамыз. Ал жалдап тұратын дүкендер 20,30,40 пайыз қосады. 

Түсінгеніміз, қымбаттатудың бір себебі жалдау ақысына келіп тіреледі. Осыған дейін агенттіктің жедел желісіне тұрғындардан 2000-нан астам шағым түскен. Оның 70 пайызы азық-түлік тауарларының бағасына қатысты. Яғни құны тым жоғары. Әсіресе бөлшек сауда субьектілері, яғни кішігірім дүкендерде азық-түлік құны аспандап тұр.

Серік Жұманғарин, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
Үйдің жанындағы дүкендер. Осы дүкендер көбіне 15 %-дық сауда үстемесін сақтамайды. Нәтижесінде, монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті аясында шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады.

Осыған байланысты Министр саудаға бақылау-қадағалау шараларын күшейтеміз деді. Жыл басынан бері жұмыртқа, қант, тауық етін негізсіз көтерген 8 іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ жиында ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге шығаруды шектеу қажет деді Үкімет басшысы. Өйткені, алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондықтан сыртқа экспорттамас бұрын өндіру мен тұтыну көлемін есептеу қажет.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
1 шілдеге дейінгі мерзімге күнбағыс пен күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізіледі. 3 ай мерзімге картоп пен сәбіз экспортына, ірі қара мал мен ұсақ малды 6 ай мерзімге шығаруға, ем-шөп шығаруға тыйым салынады. Маусымаралық кезеңде импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі пысықталып жатыр.

Алдағы уақытта нан бағасын тұрақтауы мүмкін. Өйткені астық құнын субсиядиялау мәселесі қарастырылып отыр. Субсидиялау демекші, енді бұл қызметтер ашық әрі қолжетімді болуы үшін электронды түрде жүргізілмек. Қазір дәл осы пилоттық жоба Ақмола облысында сынақтан өтуде. 2025 жылға дейін бірнеше азық-түліктің өндіріс көлемін 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Яғни құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма және балық өнімдерін – 100 пайыз және қантты 80 пайызға арттыру үшін инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Наннан өзге, көкөністер-жеміс жидектер жалпы азық-түліктің жеткілікті әрі бағасының тұрақты болуы үшін алдағы көктемгі егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізуге қажет. Биыл 22,9 млн гектар алаңға егу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5 мың гектарға артық. Қазір шаруаларды арзандатылған дизель отынмен қаматамасыз ету қарастырылуда. Десе де министр өткен жылғы құрғақшылық, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар бағасының күрт өсуі сияқты қиындықтардың болатынын жасырмады.

Раушан Сайлауқызы

Бөлісу