Ұлыбританияда миллиондаған адам аурухана кезегін күтіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда миллиондаған адам аурухана кезегін күтіп жүр

18.01.2022

Англияда миллиондаған адам аурухана кезегін күтуде. Араларында, тіпті, бір жылдан бері дәрігерге қарала алмай жүргендер көп. Денсаулық сақтау саласындағы дағдарысқа не себеп? Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова бізбен байланысқа шықты.  

Марина Бекенова, тілші:

Дәрігерлер «ковидпен ауырғандарға басымдық береміз» деп басқа науқастарды назардан тыс қалдырып отыр. Англияда ауруханаға жата алмай жүргендердің саны 6 миллионға жуықтады. Демек, елдегі әр жиырмасыншы тұрғын қарапайым медициналық көмекке зәру. Ота жасата алмай жүргендер де жетерлік. Ковидтың «омикрон» штамы тарағалы жағдай тіпті ушыға түскен. Желтоқсан айында жедел жәрдем қызметіне жүгінген науқастардың 27 пайызы дәрігерге қаралу үшін өз кезегін 4 сағаттан артық уақыт күткен. Медицина қызметкерлерінің өздері де коронавирусқа шалдығып, жұмыс қолы жетпей жатыр. Лондонда бір аптаның ішінде еңбекке жарамсыз ақ халаттылардың саны 150 пайызға артқан.

Крис Хопсон, Ұлттық денсаулық қызметінің атқарушы директоры:

100 мыңдай дәрігердің жетіспеушілігі байқалады. Ауруханалардағы төсек орындардың 93,5 пайызы толған. Емдеу мекемелеріне шамадан тыс салмақ түсіп жатыр.

Үкіметтегілер «омикронның» бұған дейін пайда болған штамдарға қарағанда әлсіздеу екендігін айтады. «Бірақ бұл пандемияның аяқталатын күні жақын дегенді білдірмейді», - дейді олар. Соған қарамастан Англияда карантиндік шектеулерді қатаңдатуға асығар емес. Тек қоғамдық орындарда бетперде тағып, үйден жұмыс істеуге шақырады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу