Бай-бағландардың халыққа көмектесетін кезі келді - Қасым-Жомарт Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бай-бағландардың халыққа көмектесетін кезі келді - Қасым-Жомарт Тоқаев

11.01.2022

Бай-бағландардың халыққа көмектесетін кезі келді. Ендігі жерде олар әлеуметтік қоржынға қалтасындағы қаржысынан салып тұруы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырған негізгі міндеттердің бірі осы. Президент әлеуметтік салаға ерекше екпін берді.

Елде ұлттық қордан бөлек, енді әлеуметтік бағытта жаңа қор пайда болады. Негізгі міндеті - халыққа көмектесу. Президент осы қамқорлық көшіне ілесуге бай-бағландарды шақырды. Олар 30 жыл бойғы жиған-тергенінің қарымтасын қайтаруы керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы, тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті деп санаймын. Ірі бизнес тарапынан ауқымды және тұрақты, астын сызып айтайын, тұрақты аударымдарды күтеміз. Сондықтан Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек.

Қор «Қазақстан халқына» деп аталады. Мемлекеттік органға, Үкіметке, тіпті Президентке де тиесілі емес. Халықтың қоры болады. Беделді бақылау кеңесі қадағалайды. Әрбір тиыны үшін ел алдында есеп беріледі. Президент бұған көлеңкеде жүрген қалталылардың да белсенді қатысуын талап етті. Осылайша халықтың мұң-мұқтажына, қажетіне көп болып қауымдасып үлес қосу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы осы қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі, өйткені көптеген отбасылар емдеу ақысын көтере алмайды. Қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз, трагедиядан кейінгі Алматы қаласын қалпына келтіруге көмектесеміз. Қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана

Тағы бір үлкен дерт – жұмыссыздық. Мемлекеттік аппарат жұмыссыздар жайындағы ақпаратты бүркемелеп отыр. Санды сапырып, түрлі сылтау айтып, нақты есепті жасырып әлек. Президент мұндай «ойынды» доғаруды бұйырды. Әйтпесе, салдары қиын болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттік аппарат «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» сияқты терминдермен құтылып кетуді ойлайды. Кесірінен көптеген адам әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Сол үшін бірқатар шара қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты әрі әр азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің көрсеткіштері бекітілуі тиіс.

Кедейлікті жою үшін шағын және орта кәсіпті көбірек демеу керек. Бірақ, бұдан былай кәсіпкерлерге де оңды-солды көмек берілмейді. Болашағын, ұрпағының тағдырын біздің елмен байланыстыратындар ғана мемлекет қолдауына құқылы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның нақты іс жүзінде пайдалануы қажет.

Дегенмен, бизнес өкілдеріне барынша көмек көрсетіледі. Несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл, өсімпұл тоқтатыла тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті.

Елдің ертеңі – жастар. Оларға жұмсалатын қаржы - ел дамуына бағытталған инвестиция іспетті. Сондықтан, Президент жастар бастамасына берілетін гранттар құнын 2 есеге дейін артуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметке «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды. Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктеледі.

Әлемнің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік көбейеді. Ол үшін шетел асудың қажеті болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына мақсатты гранттар бөлуге ерекше назар аудару керек. Жақын арада Ресейде жетекші техникалық университеттер филиалын ашу жоспарланған. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте еліміздің батысында техникалық университеттердің екі филиалы ашылуы тиіс.

Бірақ мамандықтардың бәрі сүзгіден өтеді. Гуманитарлыққа құмартудың дәурені емес. Басымдық – техникалық кәсіпке берілуі керек. Ол үшін оқу орындарының саны ғана емес, білім сапасына басымдық беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Мектептерді материалдық ресурстармен қалай қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Мұғалім – мектептің жүрегі». Сондықтан мұғалімдер жетіспейтін өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешені мен үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.

Әлеуметтің әлеуетін көтермей ілгері жылжу мүмкін емес. Қазақ елі дамудың жаңа кезеңінің алдында тұр. Президент барша халықты осы көште бірге болуға шақырды.


Хабарламаларға жазылу