Тәжікстан президенті жұмыс сапарымен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәжікстан президенті жұмыс сапарымен келді

25.08.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон жұмыс сапарымен Астанаға келді. Тәжік басшысын Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан қарсы алды. Алдымен қос ел президенті шағын құрамдағы кездесу өткізіп, екі елдің стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сапарыңыз бауырлас елдер арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді.

Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қазақстанда Тәжікстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын айтты. Сауда-экономика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-әрекетті одан әрі дамыту жайы талқыланды. Барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде су және энергетика кешеніндегі өзара іс-әрекеттің қарқынды дамып келе жатқаны да сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Су және энергетика салаларындағы міндеттемелерді орындауға, атап айтқанда, Қазақстанға су мен электр қуатын жеткізуге байланысты шешімді уақтылы қабылдағаныңыз үшін сізге және барша тәжік еліне алғысымыз шексіз. Қазақстан өз тарапынан сіздің алдыңғы сапарыңыз кезінде өзара келіскен барлық міндеттемені орындап жатыр.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу