Ақтөбе облысында 83 адам әкімшілік жауапқа тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 83 адам әкімшілік жауапқа тартылды

11.01.2022

Ақтөбе облысындағы блокбекеттердің бірінде тоқтатылған көліктен 12-калибрлі екі мылтық табылды. Оның көлік иесіне емес, қасында отырған танысына тиесілі екені белгілі болды. Ұсталғандардың екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы өңір халқының қауіпсіздігі құқық қорғаушылардың толық бақылауында.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Иә, тұрғындардың жауапкершілігі сәт сайын артып келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, алдыңғы күні полиция бөлімдеріне түнгі мезгілде бейсауат жүрген 169 адам жеткізілсе, өткен тәулікте 115 адам ұсталды. Оның 83-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30-ы қамауға алынды. Облыс аумағында 10 блокбекет орналасқан, ол жерлерде әр көлік жіті тексерілген соң ғана өткізіліп жатыр. Полиция департаменті тұрғындардан коменданттық сағат кезінде жолға шығуға байланысты сұрақтар көп екенін айтады. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

Коменданттық сағат енгізілмей тұрып, сағат 23:00-ге дейін әуежайға немесе теміржол вокзалына ұшып кететін, не жүріп кететін адамдар ертерек баруы керек. Әуежаймен немесе пойызбен келіп жатқан жолаушыларды күтіп алатындар болса, коменданттық сағат басталмай жатып вокзалға немесе әуежайға бару қажет.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жалпы өңірде жағдай қалыпты. Кешелі бері халыққа қызмет көрсету орталықтары да қайта жұмыс істей бастады. Дегенмен, төтенше жағдай кезінде бірқатар кедергіге тап болған 40-тан аса кәсіпкер Call-орталыққа хабарласып, көмек сұраған. Олардың көбін блокбекеттерден тауар өткізу, комендаттық сағат кезінде үйге жеткізу қызметінің тоқтап тұрғаны алаңдатып отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу