Бүгін еліміздің барлық мешітінде қаза тапқандардың рухына құран бағышталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін еліміздің барлық мешітінде қаза тапқандардың рухына құран бағышталды

10.01.2022

Бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні. Бұл күні Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, телеарналарда ойын-сауық бағдарламалары көрсетілмейді. Бүгін сағат 13:00-де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қайғылы оқиғадан қаза тапқандарға арнап құран хатым бағыштады.

Бауыржан Бөгенбай, тілші:

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда осымен11-ші рет аза тұту күнін жарияланып отыр. Мен қазір елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіндемін. Осында және еліміздің барлық мешіттерінде бір уақытта қайғылы оқиғадан қаза тапқан сарбаздар мен бейбіт тұрғындардың рухына құран бағышталып жатыр. Елдегі соңғы оқиғаларға байланысты сырттан халық жиналған жоқ. Мұнда тек құлшылық үйі өкілдері ғана бас қосқан.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

Әрине бүгін біздің еліміз осы соңғы күндерде сындарлы сәтті өтіп жатыр. Жаратушы Алла тағала қасиетті құранда шындығында әрбір қиыншылықтан кейін жақсылық болатыны жөнінде айтқан. Жаратушы Алла тағала біздің еліміздің бүгінгі жасаған дұға тілектерін қабыл етіп, тез арада біздің елге бейбіт күнді, жақсылық уақытты нәсіп етсін де Аллаға дұға етеміз.

Бауыржан Бөгенбай, тілші:

Ұлттық арна ұжымы да қаза тапқан жандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Бауыржан Бөгенбай


Хабарламаларға жазылу