Жамбыл облысында жас өнертапқыш трактор жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жас өнертапқыш трактор жасап шығарды

28.12.2021

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында жас өнертапқыш трактор жасап шығарды. Жарамсыз көліктердің түрлі бөлшектерін біріктіріп, жарамды дүние ойлап табуды хоббиіне айналдырған ауыл тұрғыны тағы бір бесаспап техниканы жетілдіру үстінде. Аймақтағы әріптесім Нұрдос Болатұлы өнертапқыштың еренкше туындысына куә болып қайтты.

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Мына көлік Жанболаттың ең алғаш ойлап тапқан шағын тракторы. Бұл шөп шабуға арналған. Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша, дәл осындай көліктің екеуін құрастырып сатқан екен. Ал, алыстан К700 ауыр техникасына ұқсайтын мына техникаға екі жыл уақыт уақыт жұмсаған. Жақыннан көрсеңіз әр бөлшектері қолдан дәнекерленгені көрініп тұр.

Жанболат Әмір аудан орталығында автомеханик болып істейді. Қолы босай қалса, темір қабылдайтын бекеттерден көліктердің бөлшектерін іздейді. Арманы - ерекше техника құрастыру.

Жанболат Әмір, өнертапқыш:

Кішкентайымнан өсы техникаларға қызығып өстім. 2011 жылы мектепті аяқтап, автоэлектрик мамандығын алдым. Сол оқып жүрген кезімнен техникаларды құрастыруды бастадым.

Жанболат қазір шаруашылыққа, құрылысқа қажетті әрі сынған бөлшегін өзі дәнекерлей алатын бесаспап техниканы жетілдіруде. Мұнда 20 көліктің бөлшегі бар. Толық құрастырып біткенде, трактормен жер жыртып, шөп шабуға болады. 

Жанболат Әмір, өнертапқыш:

Алдымен сызбасын сызып аламыз. Соған қарап керек материалдарды есептеп, бөлшектерді іздеймін. 

Жас өнертапқыштың бұған дейін құрастырған шағын тракторы ауылдағы ағайынның игілігіне жарапты. Ақысына бау-бақша мен шарбақтың шөптерін шауып, пайда табады.

Нұржан Ауғанбаев, ауыл тұрғыны:

Осы ауылда жастайынан техникаға құмартты. Шөп шабатын техниканы ойлап тапты. Пайдасы көп, шарбақтың шөбін шапқанға көмегі тиіп жатыр. Қолынан түрлі іс келетін жігіт.

Өнертапқыштың ендігі көксегені - шығынсыз қозғалтқыш ойлап табу. Яғни, табиғаттың өзінен қуат ала отырып, тұрмысқа қажетті көлік құрастырып шығарғысы келеді.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу