Депозиттегі ақшаға жер телімін сатып алуға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депозиттегі ақшаға жер телімін сатып алуға болады

22.12.2021

Зейнетақы қорындағы жеткілікті мөлшерден артылған қаржыға жер телімін сатып алуға болады. Бұл туралы «Отбасы банк» өкілдері қаржы ұйымындағы депозиттерге қордан қаржы аудару бойынша өткен брифингте мәлімдеді. Биыл қордағы ақшаға сатып алынған ең қымбат үйдің бағасы 162 млн теңгеден асқан. Дарын Сағитов тарқатады

Депозиттегі ақшаға жер телімін сатып алуға болады

Дарын Сағитов, тілші:

Енді зейнетақы қорындағы артық ақшаға жер телімін сатып алуға мүмкіндік туды. Ол учаскеге баспана салудан бөлек, жеке шаруашылық жүргізуге де болады. Бірақ азамат сатып алған жерге 2 жылдың ішінде үй салуы керек. Мерзім аяқталғанда ақшаны мақсатсыз жұмсағаны расталса, алған қаржыны зейнетақы қорына қайтаруға міндетті.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:

«Тұрғын үй жинақ жүйесіндегі берілетін артықшылықтар, яғни банктен қосылатын 2 пайыздық мөлшерлеме, мемлекеттен жыл сайын берілетін 20 пайыз сыйақы осы депозиттерге де жүргізіледі». 

Бүгінгі таңда 370 мың адам зейнетақы қорындағы жинағын тиімді пайдаланып, игілігіне жаратып отыр. Өкініштісі, олардың тек 5 пайызы ғана жастар. Бұл ретте олардың еңбек өтілінің аздығы да басты себеп болуы мүмкін. Дегенмен, банк өкілдері жаңашылдық әсіресе жастарға тиімді болады деп отыр. Жалпы, биыл қордағы ақшаға баспана сатып алғандар анағұрлым көп.

Ең қымбат үй 162 млн теңгеге сатып алынды

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы:

«179 192 мәміле ипотекасыз жасалды. Бұлар - баспананы толығымен сатып алғандар. Ең қымбат баспана - премиум санаттағы тұрғын үй. Ол 162 млн 400 мың теңгеге сатып алынған. Ең арзаны – 1 млн теңгеге жуық. Бұл аудан оратлығында немесе ауылдық жерде болуы мүмкін».

Банк өкілі: Баспана бағасы тұрақтанады

Дарын Сағитов, тілші:

Банк өкілдері баспана бағасының өсу қарқыны төмендейді деп болжам жасап отыр. Себебі, зейнетақы жинағын пайдалану 1-сәуірде аяқталады. Оның үстіне қазір қабылданып жатқан өтініштердің көбі депозиттерді толықтыруға немесе ипотеканы жабуға арналған. Ал баспана сатып алуға өтініштер тым аз деді банк басшылығы.


Хабарламаларға жазылу