Түркиядағы Тәуелсіздік тойы тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы Тәуелсіздік тойы тойланды

20.12.2021

Тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып таныған Түрік мемлекетінде Қазақстан елшілігі 30 жылдыққа арналған салтанатты қабылдау өткізді. Қазақ елін мерейтойымен құттықтау үшін мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және шетелдік дипломатия өкілдері де келді. Сондай-ақ Түркияда тұратын қандастарымыз да осы жиында бас қосты. Анкарада өткен мерекелік кеш туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Салтанатты қабылдауға келген меймандарды қазақ сарбаздары сап түзеп, ал киіз үй шаңырағының аясында Қазақстанның Түркиядағы елшісі құрметпен қарсы алды. 30 жылдық мерейтойға арналған қуанышты бөлісуге келген қонақтардың көптігінен еліміздің қаншалықты кеңпейіл екені көрініп тұрғандай.

Бинали Йылдырым, Түркі мемлекеттері ұйымының ақсақалы:

Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы 20 минутта мойындағанымызды білесіздер. Бауырлас Қазақ елінің бұл мейрамы біздің де мерекеміз. Осындай алып территорияда аз уақыт ішінде әлемге танылған әлеуетті мемлекет құру оңай емес. Мұның барлығы тиімді жүргізілген саясаттың жемісі. 30 жылда жеткен жетістіктеріңізбен және тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Дәстүрге сай қонақтарға ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, қазақ өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Түрік дизайнері тіккен қазақ ұлттық киімдерінің көрсетілімі де көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, алып тұлғалы қазақ жігіттері мен құрыш білекті спортшыларымыз жиналғандарды тәнті етті.

Хусейн Улак, офицер:

Тәуелсіздіктеріңіздің 30 жылдығы әрі қарай 300 тіпті 3000 жылдыққа жалғасуын тілеймін. Ұлттық киімдеріңіз, ұлттық тағамдарыңыз, қонақжайлықтарыңыз - бәрі бір сөзбен айтқанда керемет болды. Түркі елінің бір азаматы ретінде бүгінгі кештен мақтанышпен шықтым.

Тәуелсіздік күнімен құттықтаудың тағы бір ерекше тәсілі - танымал ғимараттарға ту бейнелеу екені белгілі. Қазақ елінің азаттық мерекесінің құрметіне Анкарадағы ең биік нысандардың бірі Түркия биржалар және палаталар қоғамының қос ғимараты көк байрағымыздың түсіне боялды.

Айдос Әшімұлы


Түркия Тәуелсіздік

Хабарламаларға жазылу