1991 жыл, 13-желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жария етуге 3 күн қалған болатын. Осыдан 30 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Ашхабадта Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысты. Мемлекет басшылары 8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларусь қол қойған «Беловеж келісімін» талқылауға жиналды. Ойларын ортаға салды, пікір алмасты.
Басқосуда Түрікменстан Президенті Сапармұрат Ниязов славян мемлекеттерінің әрекетіне жауап ретінде Түркістан Одағын құруды ұсынды. Н. Назарбаев бұл идеяға бірден қарсы болды. Қазақ Президенті «Бұл - ұлттық, діни тұрғыдан бөлінуге ұрындырады. Эмоцияға берілмейік» деп жауап берді.
Уәлихан Қалижанов, мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі:
«Әлі мемлекеттік шекаралары бекімеген мемлекет қалай мемлекет құра алады. Ештеңесі жоқ. Ал Нұрсұлтан Назарбаев әлгі «ұрдым, бардым» сөздің адамы емес. Ол - үлкен саясаткер. Сондықтан осындай тосын ұсынысқа салиқалы пікір айтты».
Президенттер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тең құқылы құрылтайшылары болуға даяр екендіктерін мәлімдеді. Бірлескен құжатқа қол қойды. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің тарихи және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері ескерілуі қажет.
Сағынбек Тұрсынов, мемлекет және қоғам қайраткері:
«Елбасының барғаны ұтымды болды. Кездесу ұтымды болды Ашхабатта. Өйткені елде әртүрлі пікір кетті, әртүрлі ахуал. Неше түрлі қозғалыстар бастала бастады. Бұл жерде барлығы ортақ пікірге келіп, шешім қабылданған еді».
Тарихта ұлы тұлғалар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені, олар ірі өзгерістердің ағымын бақылай отырып, эмоция жетегінде кетпейді. Солардың бірі - келелі мәселені кеңесіп шешкен Нұрсұлтан Назарбаев еді.
Бірғаным Әйтімова, ҚР Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары:
«Әрбір ел өзінің тәуелсіздігін нығайтып, тұрақтылығын жасау. Сондықтан сол жерде ақылдасып, біздің Президентіміздің ролі қандай бұл жерде? Бұл осы Орта Азия елдерін ТМД-ға жақындатып, соған келісіп, қайтып келді».
Ашхабад кездесуінде Чернобыль апаты мен Арал зардаптарын жоюдың бірлескен іс-шаралары пысықталды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары аталған аймақтарда тұратын балаларға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімге қол қойды.
Дарын Сағитов