Түркістанда елге еңбегі сіңген азаматтар құрметке бөленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда елге еңбегі сіңген азаматтар құрметке бөленді

10.12.2021

Түркістанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысып, жаңа дәуірге аяқ басқан Қазақстанның қарышты қадамдары мен бағындырған белестері жайында сөз қозғады.

Сондай-ақ, еліміз бен Түркістан өңірінің дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Мемлекеттік хатшы Шымкент шаһарында да болып, тұрғын үй кезегінде тұрған 112 отбасы мүшелеріне жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Тәуелсіздік - бұл асыл ұғым, халқымыздың асыл арманы мен үкілі үміті. Қазақ халқының ең асыл мұраты осы – Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің бір үлкен қуанышты сәтінде қоныс тойдың болып жатқаны үлкен қуаныш. Бұл да мына Тәуелсіздіктің арқасында болып жатқан, халықтың ынтымағы мен ауызбіршілігің арқасында болып отырған жәйт. Қоныстарыңыз құтты болсын!

 240 автобус пайдалануға берілді

Бұл күні жаңа қоғамдық көліктер де тапсырылды. 12 бағытта қатынайтын 240 автобус халық игілігіне пайдалануға берілді. Ал Түркістан сарайында өткен мерекелік жиында ел үшін еңбегі сіңген азаматтарға Мемлекеттік наградалар мен төсбелгілер табысталды. Олардың қатарында еңбек ардагерлері мен ақын-жазушылар, көше тазалаушылар мен педагог- тәрбиешілер де бар. Сонымен қатар, дәнекерлеуші мен теміржолшы, учаскелік инспектор мен паралимпиада спортшысы да ерекше құрметке бөленді.

Исмат Тұрсынқұлов, қоғам қайраткері:

Егемендік алған кездегі қиындықтардың бәрін басымыздан кешіріп, маған «Парасат» орденін беріп отыр. Сол үшін қуанып отырмын. Еліміз күшейе берсін!


Хабарламаларға жазылу