Сұлтан Рабат қалашығының топырағына дейін тоналып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сұлтан Рабат қалашығының топырағына дейін тоналып жатыр

06.12.2021

Орта ғасырларда өркениет ордасы болған Сұлтан Рабат қалашығының орны аяусыз тоналып, топырағына дейін саудаға түсіп жатыр. Өйткені жергілікті атқарушы билік мемлекеттің қорғауына алынған аймақты кезінде жекенің меншігіне беріп жіберген. Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру мекемесі археологиялық нысанды сақтап қалу мақсатында енді облыс әкімдігін сотқа берді.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Бір кездегі биік тарихи төбешік бүгінде мынадай терең сайға айналған. Пайдаға құныққан кәсіпкер археологиялық нысанның мәдени қабаты тұрмақ табанына дейін қырнап, топырағын сатып жіберген.

Ұлы Жібек жолының бойындағы бір кездегі ірі бекеттен қалған жұрнақ - осы. Әр жерде адам сүйектерімен бірге шашылып жатыр. Бадам өзенінің бойына қоныстанған көне шаһардың цитаделі сақталғанымен, шахристанның орны тып-типыл.

Сейдалы Дүйсебек, өлкетанушы:

Қазылған жердің өзінен VII-VIII ғасырлардың жәдігерлері шығып жатыр. Материгінің өзінен. Демек тарихи қабаты 5-6 метрге дейін жетеді деген сөз. Бұл, біріншіден, вандализм. Екіншіден, әкімдіктің сауатсыздығы.

Тарихи орын карьерге айналғалы бері ауыл тұрғындарынан да маза кетті. Көгеріп-жайқалып тұратын майсалы жер, жырым-жырым жарға айналды. Малдың өрісі тарылды. Соқпақ жолды да бітеп тастады. Ашынған жұрт мұндай бассыздықты тоқтатуды сұрап отыр.

Мұхитдин Бұғыбаев, ауыл тұрғыны:

Бұл жерде ата-бабамыздың сүйектері бар. Құмыралар сынып жатыр. Әлі зерттеліп біткен жоқ. Адам сүйегі шыққан соң, тоқтау керек қой.

Тарихи орынның тонала бастағанына он жылдан асты. Аймақты кірпіш зауыты сатып алған. Өздеріне керегін шикізат ретінде пайдаланады, артылғанын топырақ күйінде жұртқа саудалайды. Аудан әкімдігі жерді кәсіпкерлік нысанына берген кезде оның қорғау аймағына кірмегенін алға тартып отыр.

Сержан Дүйсебеков, Төле би ауданы әкімінің орынбасары:

Ол кезде белгіленбеген. Кейін 2008 жылдары Мәдениет басқармасының қаулысы шыққан. Онда да қазықты қаққан да кеткен. Ауданмен түсініспеушілік болып қалған.

Төрт гектар аумақты алып жатқан археологиялық нысанның мәселесі енді сотта қаралмақ.

Жандос Құрбан, Түркістан облысы Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығының директоры:

Жергілікті атқарушы орган мен ЖШС арасындағы келісімшартты бұзу туралы Түркістан облысы мамандандырылыған сотына арыз берілді.

Талап арыз берілгенімен, сот әлі іс қарауды бастаған жоқ. Егер жауаптылардың кінәсі дәлелденсе, тарихи құндылықты аяқасты еткендер ірі көлемде айыппұл арқалайды немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Хабарламаларға жазылу