Шардара қаласындағы құрылыс материалдары комбинатының орны тоналып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара қаласындағы құрылыс материалдары комбинатының орны тоналып жатыр

04.03.2022

Түркістан облысы Шардара қаласындағы жылдар бойы тоқтап тұрған құрылыс материалдары комбинатының орны аяусыз тоналып жатыр. Аумақты уақытша жалға алған кәсіпкердің пайдаға құныққаны сонша үстіндегі дүниенің бәрін қиратып, енді жер астындағы топырақ пен құмды қазып алып, сатуға көшкен.

Біз тұмсық техниканың гүрілі түнде де тоқтамайды. Бетонды бұзып, ішіндегі жуан темірлерді сатуға дайындайды. Комбинаттың орнына кәсіпорын саламын деген инвестор осылайша оншақты жылдың ішінде 12 гектар аумақты алып жатқан алып ғимаратты шетінен қиратып шықты.

Қалима Қалаубаева, Шардара қаласының тұрғыны:

Бізге ұйқы бермейді. Күндіз-түні тырылдатып миымызды жеп қояды. Оның үстіне жел соқса құм үйімізге қарай ұшады.

Ескіні бұзып, ақша етуді ғана ойлаған кәсіпкер енді жердің астына да ауыз салған. 120 мың шаршы метрді әр жерінен тереңдете қазып, топырағы мен тасын, құмын бөлек алып, саудалуға кіріскен. Осылайша қаланың қақ ортасындағы көрікті аумақ қазір карьерге айналды.

Шардарадағы құрылыс материалдары комбинатының орны 2013 жылы «Қазақконстракшн» компаниясына сатылған. Сатылды деген аты болғанымен инвестор мүлік құны болып есептелген 31 миллион теңгені сол күйі төлемеген. Тіпті әлі күнге салығын да өтемеген болып шықты. Тек қала әкімінің шешімі негізінде ғана комбинат орнына иелік етіп келеді.

Ережеп Бекет, Шардара қаласының әкімі:

Заңсыздықты көріп отырып, 4-5 рет Жоғарғы сотқа дейін жаздық. Бірақ, бәрібір кәсіпкердің мүддесін қорғап отырған жағдайы бар. Айналып келгенде қаланың иесі біз болсақ та өзіміз жазған хатымызға өзіміз жауапты болып тұрмыз.

Жерді алған кәсіпкердің өзімен сөйлесу мүмкін болмады. Адвокаты да бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Кезінде жерді 49 жылға жалға берген жергілікті билік осылай тығырыққа тірелді. Әзірге оны қайтарып алудың заңды жолы табылмай тұр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу