2025 жылға дейін Қазақстан сапалы интернетпен толық қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылға дейін Қазақстан сапалы интернетпен толық қамтылады

30.11.2021

2025 жылға дейін Қазақстан сапалы интернетпен толық қамтылады. Президент бекіткен Ұлттық жобаның жоспары бұл. Жалпы, осы уақытқа дейін Қазақстан жаһандық үдерістің көшінен қалған жоқ. 2000-шы жылдары интернет пайдаланушылар саны небәрі 4 пайыз болса, бүгінде 86 процентке жеткен. 30 мың шақырым талшықты оптикалық желі салынды. Инфрақұрылым толық сандық форматқа көшті. Раушан Сайлауқызының материалы.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Телефон, телеграм, немесе хат. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында бұлар қолда бар байланыс құралы еді. Алыстағы ағайынмен тілдесу үшін ауылдан ауданға барып әуре болатын.. Ал қазір осы міндеттің бәрін бір ғана смартфон атқарады.

1997 жылы елде небәрі 11 мың байланыс абоненті болса, қазір 24 млннан асады.Соңғы 20 жылда саланың қарқыны ілгері. Инфрақұрылым жаңарды. Әсіресе, қалалар жоғары сапалы интернетпен толық қамтылды.

Ауылдың да цифрлық мүмкіндігі кем емес. Қарағандыға қарасты Бүркітті ауылына интернет келгелі Жазираның өмірі түбегейлі өзгерді. Ас әзірлеу әу бастан сүйікті ісі еді. Ғаламтор желісі аспаздың хоббиін жетілдіре түскендей. Тәжірибелі фудблогерлерден онлайн тәлім алып, Қарқаралының танымал аспазына айналған.

Жазира Әбдіғали, аспаз-блогер:
Интернет арқылы онлайн жұмыстарға қол жеткізуге болады. Оқулар оқыдық көп. Мұның көбін мен онлайн үйрендім,. Ауылымызда интернет дамығалы жақсы тапсырыстар алып жатырмыз.

Сапалы интернет ауыл тұрғындарын жаңа қырынан танытты. Тамылжыта ән салған қойшы бала, ауыл өмірін дәріптеген жылқышы қыз соның дәлелі. 6459 елдімекеннің 5332-сі интернетпен қамтылған. Қалған 1000-ға жуық ауылдың проблемасы алдағы үш жылда түбегейлі шешімін таппақ.

Әсел Мизамқызы, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің ресми өкілі:
 Ұлттық жобаға сәйкес, 2025жылы Қазақстан 100 пайыз сапалы интернетпен қамтылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер 5 минутта қолжетімді болуы тиіс. Осы салада қазір біздің мамандар барынша жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде телекоммуникация саласында 314 байланыс операторы қызмет көрсетеді. Бәсекелес компаниялар сапаға басымдық беру керектігін айтады. 2000 жылдары 8 мегабиттен басталған интернет жылдамдығы қазір 60 есе көбейді.

Әмірәлі Сейілов, «Қазақтелеком» АҚ КБД бизнесті дамыту жөніндегі директоры:
2018 бен 2020 аралығында мемлекеттік жеке серіктестік келісім аясында шалғайдағы 837 ауыл аймақтарға оптикалық желісі тартылып, 250-ден жоғары тұрғыны бар ауылдардың барлығы 3 G, 4G интернетімен қамтылды. Е қолдау терминалдары орнатылды. Ол терминалдардың мүмкіндіктері қала мен ауыл арасындағы теңсіздікті жойып мемплекеттік қызметтері орындауға болады.

Келешекте жоғары сапалы 5 G технологиясымен қамту жоспарланған.. Заманауи цифрлық қызметтердің қолжетімді болуы – байланыс операторларының басым бағыты. Бұл жедел хабар алмасу және ғаламдық веб-ресурстарды еркін пайдаланумен қатар, телемедицина, қашықтықтан білім беру, мемлекеттік және банктік қызметтерді электронды түрде жедел алуға мүмкіндік бермек.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу