Ұстаздар династиясы Сарыағаш қаласынан мектеп ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұстаздар династиясы Сарыағаш қаласынан мектеп ашты

24.11.2021

Ұрпақты саналы ету үшін өз қаражатын мектеп салуға жұмсаған отбасы. Түркістан облысында тұратын Оспановтар әулеті Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ туған ауылы Төңкерісте 300 орындық мектеп тұрғызды. Көпке үлгі болған ұлағатты отбасы ізгілікті істі жалғастырып,  биыл да Сарыағаш қаласынан мектеп ашты. Бұл - олар салған үшінші білім ұясы.

Назерке білім жолындағы ізденісін күнде сабақтан кейін кітапханада жалғастырады. Ұстаздарымен бірге жетік игере алмаған тақырыптарды қайта саралап, санаға сіңіреді. Мектепті үздік аяқтағалы отырған ол «Алтын белгіден» үміткер. Арманы - физика пәнінің мұғалімі болу.

Назерке Байдулла, 11-сынып оқушысы:

Ұстаздарым өзіндегі бар білімді бізге беруге тырысады. Технология жағынан болсын, кез келген жағынан біздің мектеп алдыңғы орында. Барыншы білім беруге көмек көрсетеді.

Бір кездері Оспановтардың қаржысына салынған мектепте бүгінде Назеркемен бірге 800-ге тарта бала білім алуда. Жиырма жыл бұрын олар көрші ауылға қатынап оқитын.

Білім саласына қаржы құйған әулеттің бүгінгі үлкені - Рақымберді Оспанов. Елу жыл ұстаздық етіп, елдің құрметіне бөленген жан. Шетелге шықса да, өзге өңірге барса да, ең алдымен сондағы мектептерге барып, ағарту саласының артықшылығымен танысатын әдеті әлі қалмаған. Озығын өзі басқарған мектептердің тәжірибесіне ендіруге барын салады.

 Рақымберді Оспанов, ардагер ұстаз, оқу ісінің үздігі:

Білімді ұрпақ өсіп келе жатқан ел ешқашан азғындамайды, экономикасы төмендемейді. Себебі білімді ұрпақ - елдің ертеңгі тірегі. Міне, осы мақсатта  мектеп аштық.

Білімге деген құштарлық бұл отбасыда атадан жалғасып келе жатқан өнеге. Өткен ғасырдың колхоздастыру кезінде аталары өз үйін мектепке босатып бергенін ауылдастары әлі ұмытпаған.

Ұстаздар династиясы жуырда тағы бір жаңа мектепті ел игілігіне берді. 200 балаға лайықталған оқу ордасы бастауыш білім берумен қатар жаратылыстану пәндерін зерделеп оқытады.

Ләзиза Рысбекова, зияткерлік бастауыш мектебінің директоры:

Зияткерлік деп отырғанымыз - математика пәні тереңдетіліп оқытылады. Электронды сабақтар өтіледі. Жаңа компьютерлермен, жаңа оқу құралдарымен қамтамасыз етілген.

Несібесін кәсіпке емес ғылым-білімге жұмсап келе жатқан отбасы өнегелі ісін әрі қарай да жалғастыра бермек. Рақымберді Оспановтың ендігі мақсаты - зияткерлік бастауыш мектебін орта білім беретін оқу ордасына айналдыру.


Хабарламаларға жазылу