Қарағандыдағы «Қазкарбон» ЖШС қарасты бірнеше зауыт заманауи технологияның арқасында экспорттық өнім көлемін арттырды. Мұнда ашылған көмір байыту фабрикасының 80 пайыз өнімі шетелге жіберілсе, қалғаны кәсіпорынның негізгі ферроқорытпа өндірісіне пайдаланылады. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы зауыттардың жұмысымен танысты.
Кәсіпорынның ферроқорытпа цехында 8 мегаваттық 4 пеш істеп тұр. Жылына 57 мың тонна түрлі маркалы ферроқорытпа шығарылады. Өнім әлемнің 47 еліне жөнелтіледі. Алдағы 3-4 айда мұнда күн панельдері мен чиптерге қажетті металды кремний өндіріле бастайды.
Давид Кемертелидзе, «Qaz Сarbon» және «YDD Сorporation» компанияларының акционері:Алдағы жылдан бастап металды кремний өндіре бастаймыз. Жылына 40 мың тонна. Біздегі пештер әмбебап. Олармен 3-ақ сағатта жаңа маркадағы ферроқорытпаларды шығаруға болады. Яғни өндірісіміз нарық сұранысына тез икемделеді.
Кен байыту фабрикасы аясында 4 бірдей инвестициялық жоба жүзеге асқан. Олар - ферроқорытпа, құю және агломерация цехтары. Жақында мұнда көмір байыту фабрикасы іске қосылды.
Абай Сарқұлов, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:Инвестиция көлемі 50 миллиардтан астам. Оның ішінде 11 миллиард теңгені инвестрлар сол қаражатты қосты. Қалған 70 проценті «Қазақстан даму банкі» арқылы несие алынды.
Фабрикада экологиялық талаптар қатаң сақталады. Осындағы агломерациялық цехта жылына 2,5 мың тонна өндірістік қалдық қайта өңделеді. Байытылған көмірді іргелес орналасқан ферроқорытпа зауыты да пайдаланады. Кәспорында жылына 180 мың тонна сапалы ферросилиций өндіріледі.
Арсен Мейрембаев, «YDD Сorporation» компаниясының бас директоры:Біздің зауытта үлкен үш пеш істеп тұр. Қазір әлем бойынша бестіктеміз. Келер жылдың ақпанында 4-ші пешті іске қосып, ферроқорытпа өндірісінен озық үштікке кіреміз.
«Qaz Сarbon» компаниясына қарасты кәсіпорындарда қазір 1600 адам еңбек етеді. Келешекте мұнда өзгеде табысты жобалар жүзеге аспақ.
Руслан Нұрланұлы