Астана клубының алтыншы отырысы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана клубының алтыншы отырысы өтуде

17.11.2021

Жиырма жыл бұрын тиімді болған саясат қазір ескірді. Жаңа әлемге жаңа өңірлік стратегиялық бағыт қажет. Астана клубының 6-шы отырысында ШЫҰ бас хатшысы Владимир Норов осылай деді. Жиыннан тікелей байланысты әріптесім Ақерке Бектас қосылуға дайын.

Ақерке Бектас, тілші:
Спикерлер алпауыт державалар арасындағы текетірес күшейген уақытта бейтарап көзқарасты сақтап, әрі өзара байланысты жоғалтпаудың маңызына тоқталды. Сессияға қатысты өзге мамандар Тәуелсіздіктің 30 жылындағы Қазақстан жетістіктерін де атап өтті. Сонымен бірге Астана клубының ынтымақтастықты арттырып, қақтығыстарды шешу алаңына айналғанын айтады. Ядролық қауіпсіздік мәселесі де сессияда қаралған өзекті тақырыптың бірі. Сарапшылардың сөзінше, қазір ядролық державалардың ортақ мәмілеге келуі қиындап бара жатыр. Геосаясатта қару-жарақ жарысының жаңа кезеңі басталып кетуі мүмкін дейді. Мысалы, АҚШ пен Ресейдің келіссөзі. Осы мәселеге қатысты сарапшы пікірін білдік.
 Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Мәселен 2026 жылы стратегиялық қарулар жөніндегі келісім өз мәресіне жетеді. Бірақ халықаралық маңызға ие келісім әрі қарай жалғаса ма, жоқ па, ашық сұрақ. Одан бөлек ядролық сферада жаңа ойыншылар пайда болып жатыр. Мәселен Қытайды айтсақ, бүгінде әлемдегі бір зымырандық қару-жарақты дамытып отырған бірден-бір ойыншы. 
Ақерке Бектас, тілші:
Сарапшылар Ауғанстан мәселесін де талқыға салды. Айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері Кабулды аймақтық ынтымақтастыққа тартып жатыр. 20 шақты елден келген сарапшылар пандемиядан кейінгі жаңа әлемнің экономикалық-әлеуметтік мәселелерін түстен кейін де талқылайды. «Үлкен Еуразия: болашақ әлем» тақырыбында клубтың пленарлық отырысы өтеді. Жиында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасайды деп күтіліп отыр. Сонымен бірге Нобель сыйлығы иегерлері, халықаралық ұйым басшылары баяндама жасайды.


Хабарламаларға жазылу