Қостанай облысында бірқатар ауылдарда ауызсу қымбаттап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында бірқатар ауылдарда ауызсу қымбаттап кетті

16.11.2021

Қостанай облысының бірқатар ауылдарында судың бағасы отыз теңгеден екі мың теңгеге дейін қымбаттап кетті. Мұндай жағдай құбыры орталық магистральдарға қосылған елдімекендерде болып отыр. Себебі күзден бастап пайдаланған су үшін тұрғындарға мемлекеттен төленетін субсидия тоқтаған. Судың құнын қайтадан қолжетімді етудің жолы бар ма? 

Сарыкөл ауылының тұрғыны Ирина Дубогрей күз түскелі суды барынша үнемдеуге тырысатын болды. Себебі бағасы бірден 30 есе қымбаттаған. Бір ай тұтынған судың есепшот түбіртегін көргенде жағасын ұстады. Алайда төлеуге мәжбүр.

Ирина Дубогрей, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

Біз айы сайын, шамамен, 20-25 текше метр су тұтынамыз. Бұрын оған 500-800 теңге төлеп жүрдік. Ал қазір 15-16 мыңға дейін жетеді. Кейде бұдан да көп шығады. Әрине қалтаға ауыр тиеді.

Үйлерінде есептегіштері бар тұрғындар тамыз айының ортасына дейін бір текше метр суға 30 теңгеден төлеп келді. Ал есептеу құралы жоқ үйлерге баға 40 теңге деп белгіленген еді. Тарифтің қалған бөлігін субсидия жабатын.

Сергей Белошицкий, Сарыкөл аудандық сумен қамту мекемесінің директоры:

Мемлекет халыққа субсидия төлемейтін болды. Ал тариф өзгерген жоқ, сол текше метріне 771 теңге күйі қалды. Енді жаңа ережеге сәйкес субсидияны облыс әкімдігіне қарасты мекемелер белгілейді. Себебі топтық су құбырлары жергілікті құзіретті орындардың қарамағына кіреді.

Яғни судың қымбаттауына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің «ауылдық елдімекендерде ауызсуды субсидиялау әдістемесін өзгерту туралы» бұйрығы себеп болған. Облыс басқармасының басшылары бұл уақытша құбылыс, баға көп ұзамай бұрынғы қалпына келеді деп отыр. Суды енді жергілікті бюджеттен субсидиялау тәртібі жуырда облыстық Мәслихатта қаралып мақұлданған.

Шыңғыс Кенжалы, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Сол хаттаманы енді Әділет министрлігіне жібердік. Осы апта сол министрліктің жауабын күтеміз. Сосын облыс әкімдігі қаулы шығарады. Қаулы шыққан соң, желтоқсанның 15-нен кейін субсидияны жібереміз аудандарға.

Облыс бойынша судың субсидиясына 109 елдімекен мұқтаж. Ескі тарифті ауыл халқына қайтару үшін облыс бюджетінен 1 млрд 200 млн теңге бөлу жоспарланған.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу