Ұлттық кеңестің кезекті жиынында қандай бастамалар көтерілді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық кеңестің кезекті жиынында қандай бастамалар көтерілді?

16.11.2021

Азаматтардың несие туралы тарихы әр күн сайын жаңарып отыруы мүмкін. Бұл - бір адамның бірнеше банктен екі-үш несие алуының алдын алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің кезекті жиынында осы мәселені зерттеу керек екенін айтты. Жаңашылдық енгізілетін болса, халықтың қайтарылмайтын қарыз портфелі азаяды деді Мемлекет басшысы. Жиында тағы қандай бастамалар көтерілді? Жұрағат Баман тарқатады.

Алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастаған Ұлттық кеңес бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды. Заң жобалары халықтың айтқан пікірі негізінде қабылданып, ел-жұрт үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іргесі біртіндеп бекіп келеді. Бүгін Президент бірқатар бұрынғы ұсыныстар негізінде атқарылған істерді пысықтап, жауаптыларға жаңа талап қойды.

Несие берер алдында азаматтың нақты жалақысын есептеу керек

Соның бірі - несие мәселесі. Қазақстанда қайтарымсыз қарыз көп. Салдарынан экономикалық қиындықтар туып отыр. Халық кредит алады. Алайда қайтара алмайды. Бұл тек азаматтардың емес, қаржы ұйымдарының да кінәсі. Өйткені адамға өзі өтей алатындай қарыз берілмейді. Жалақысынан артық ақша қарыздайды. Бұл үрдіс теріс деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтардың несие тарихының деректері орталық базада 15 күн ішінде тіркеледі. Осының салдарынан бір адам бір күнде бірнеше банктен қарыз алып үлгереді. Оның нәтижесінде қарыз беруші үйымдар азаматтардың борыш көлемін нақты есептей алмайды. Яғни, азаматтардың өзіне қарыз ауыртпашылығы түседі. Жалақысы несиесін төлеуге жетпейді. Бұл қаржы саласындағы қайтарымсыз қарыздар нарығына кері әсер етеді. Ұлттық кеңес мүшесі Марат Шибутов осы ретте халықтың несие тарихын кредитбюросына жіберу мерзімін бір күнге дейін қысқарту туралы ұсыныс айтқан еді. Осы мәселені зерттеу қажет.

Азаматтарды жалғыз баспанасынан айыруға болмайды

Несие демекші, жуырда борышкер мен оны өндіре алмаған сот орындаушылар арасында болған кикілжің де Президент назарынан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы оқиғадан кейін азаматтардың жалғыз баспанасын тартып алмау туралы тапсырма берген. Енді осы турасындағы заң жобасын жетілдіруді қолға алу керектігін тағы ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде несиелерін 90 күннен астам уақыт өтемей жүрген қазақстандықтардың қарызы 354 миллиард теңгені құрайды. Осы ретте қаржы секторына зиян келтірмей, халыққа көмек көрсету тетіктерін ойластыру қажет. Ол үшін екінші деңгейлі банктердегі кепілге қойылатын мүлік туралы нормаларды қайта қарап, мүлікті бағалау ісін жетілдіру механизмдерін қарастыру керек. Несие алушының қарызы мүліктің 15 процентінен аспайтын болса, онда оны тартып алуға болмайды. Сондай-ақ, азаматтарға мүлікті тәркілеу туралы хаттама келгенде үш ай ішінде үйді сату немесе қарызды қайтаруға мүмкіндік берілуі тиіс. Ал азамат қарызды қайтара алмаса және оның жалақысы ең төменгі жалақыдан екі есе аспаса, оның жалғыз баспанасын алуға тыйым салынады.

Кеңестің өткен отырыстарында айтылған ұсыныстар арқасында Президент шешімімен қазақстандықтар өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын-үй жағдайын жақсартуға пайдаланды. Мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды, ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты. Дегенмен тұрғын-үй мәселесі әлі де өзекті. Елімізде 500 мың адам үй кезегінде тұр. 10 жылдап тұрған азаматтар өздерін тіпті тізімнен таба алмай жатыр.

 Уайс Ерсайынұлы, Ұлттық қоғамдық кеңес мүшесі:

Азаматтардың қолында 10-15 жыл кезекте тұр деген анықтамалары бар. Мөрі басылған. Басшының қолы қойылған. Бірақ Индустрия министрлігі барлық азаматты кезекке енгізуге үлгерместен «Бақытты отбасы» бағдарламасын жариялап жіберген. Индустрия министрлігі үй кезегінде тұрғандарды реттеп, жүйелеуі тиіс. 2019 жылы үй алғандардың өзін базадан биыл ғана шығарды. Яғни екі жыл бойы интеграция жасалмаған.

Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2% өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40% тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында дейді қоғамдық кеңестің жаңа мүшесі.

Жетім деме, қамқорлықтағы бала де! 

Бұдан басқа да проблемалар көтерілді. Ата-анасыз қалған балаларды жетім деп кемсітпей, мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалар деп атайық. Мектеп бітірген соң, олар оқу орнына түсе алмайды, үймен қамтылмайды, жұмысқа орналасулары қиын. Осы мәселені қолға алайық деді.

Уайс Ерсайынұлы, Ұлттық қоғамдық кеңес мүшесі:

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бұдан былай кәсіп бастау үшін немесе басқа да мұқтаждығына жұмсау үшін арнайы есепшот ашылса. Бұл - мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалардың арнайы капиталы деп аталса.

Кеңес мүшелерін мектептегі балалар саны да алаңдатады. Бір сыныпта 30-35 баланың отыруы оқуға кедергі. Осы ретте Президент жиында әр сыныпта неше баладан отыру керек екенін белгілеп, Ресейдегі оқиғалардан кейін мектептегі қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз оқушылар мен студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға тиіспіз. Білім беру жүйесіндегі қауіпсіздікке бірыңғай талап қойылуы керек. Қазір мектептер күзетпен бір жылға келісімге отырады. Мұндай келісімдерді үш жылға жасау тиімдірек болар еді. Заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Балалар мен оқытушыларға төтенше жағдайда не істеу қажеттігін үйреткен жөн.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау

Президент өткен жиында мүгедектікті анықтау рәсімдерін жеңілдетуді тапсырған. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіріп, азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс деген. Бұл іс қазір қолға алынған. Әлеуметтік осал топтарға назар ерекше.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданды. Биыл алғаш рет көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасыларының балаларына білім гранты берілді. Соның нәтижесінде өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтім қажет ететін балаларға бөлінетін қаржы екі есе ұлғайды. Қазір бір балаға 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Ұлттық сенім кеңесінің кезекті отырысы

Жалпы, Президент бүгінге дейін қоғам белсенділері және сарапшылармен 28 рет кездескен. Онлайн форматта министрлермен 20 кездесу өткізген. Кеңес аясында 90 нормативтік-құқықтық акт, 20 заң қабылданған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті әріптестер, біздің мақсатымыз - барлық саланы жаппай реформалау емес. Кез келген өзгеріс халық тұрмысын жақсарту үшін керек. Мұндай пайымның қате екенін көрсетті.

Президент бүгінгі отырыста айтылғандарды түйіндей келе, халық пен билік арасындағы байланыс көпіріне айналған Ұлттық кеңес мүшелеріне алғысын білдірді.

Жұрағат Баман


Хабарламаларға жазылу