Алматыда биыл 350 мың түп ағаш отырғызылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда биыл 350 мың түп ағаш отырғызылады

15.11.2021

Алматыда «Жасыл қала» акциясы аясында ағаш отырғызу науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл мегаполисте 350 мың түп жасыл желек егу жоспарланған. Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған игі іске тұрғындар мен жеке компаниялар да атсалысуда.

«Жасыл қала» науқанына өз еркімен қолдау көрсетуге тұрғындардан мың жарымға жуық өтініш түскен. Солардың арасында Қазақстан қор биржасының ұжымы да бар. Олар жаңадан салынып жатқан жол айырықтың бойына 50 түп ағаш отырғызды.

Андрей Цалюк, «Қазақстан қор биржасы»  АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Әрине экологияны жақсартуға үлес қосу - біздің азаматтық міндетіміз. Қаламызды көркейтуге барлық компанияны атсалысуға шақырамын. Бүгін біз 50 түп катальпа ағашын ектік. Мұнымен шектеліп қалмаймыз.

Осылайша қала тұрғындары көгалдандыруға өз үлесін қосуға мүмкіндік алды. Науқанға Алатау мен Әуезов аудандарының азаматтары белсенді қатысты. Шараға атсалысқандар әкімдіктен тегін ағаш көшеттерін алып, өз аулаларына отырғызды.

Гүлмира Мұхаманова, қала тұрғыны:
Осы өтінішімізді олар қабылдап, бізге ауламызға 49 ағаш көшетін берді. Бүгін бәріміз көршілерімізбен аулаға шығып, осы ағаштарды отырғызып жатырмыз. Көп рахмет. 
Наталья Ливинская, қалалық  «Жасыл»экономика басқармасының басшысы:
Біз қала тұрғындарын ағаш егу науқаны туралы алдын ала хабарладық. Мыңнан аса азамат атсалысқысы келетінін айтты. Шараның негізгі мақсаты -  тұрғындарды осы игі іске тарту болатын. Енді отырғызған ағаштарды өздері күтіп, жайқалып өсуін қадағалайды.

Бір айдың өзінде қала аумағына екі мыңға жуық көшет егіледі. Алматыны көгалдандыру дәстүрлі «Жасыл қала» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Биыл 350 мың ағаш отырғызу жоспарланса, оның 65 мыңы көктемде егілген.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу