Алматыда жыл басынан 20 ағаш құлап, бірнеше көлік зақымданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жыл басынан 20 ағаш құлап, бірнеше көлік зақымданған

31.05.2023

Алматыда жыл басынан бері 20 ағаш құлап, 4 көлікті басып қалған. Мегаполисте 80 мыңға жуық кәрі тал құлауға шақ тұр. Мәселен, бір апта бұрын биік ағаш дәмханаға құлап, тұрғын үйдің қасбетін зақымдаған. Мәселе қалай шешілмек, құзырлы мекемелер тиісті шараларды қолға алды ма?

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Дәмханаға құлаған ағаш, міне, осы. Диаметрі шамамен 80-90 см. Биіктігі де әжептәуір. Оны мына дәмхана орналасқан үйдің қасбетінен аңғаруға болады. Ағаш құлаған кезде үйдің бесінші қабатына жетіп, сырылып жерге түскен. Оқыс оқиға бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Таспада 10-нан астам адамның сынғалы тұрған ағаштың дыбысынан үйрейленіп, бау сауғалағанын көруге болады.

Светлана Ким, дәмхана әкімшілігінің өкілі:

Сол күні дәмханада болғандардың бәрі дін аман. Бірақ, ыдыс-аяқтарымыз бен бірнеше үстел, орындықтарымыз сынды. Одан қалды дәмхананы салқындататын құрылғыға зақым келді. Ағаш құлағанын көшеден өтіп бара жатқан бейтаныс адам ескертті. Әйтпегенде арты не боларын кім біледі?

Ал әкімдікке қарасты экология және қоршаған орта басқармасы мамандары бұл жағдайға қатысты мындай уәж айтты.

Нүркен Ақмырза, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының маманы:

Ол мекен-жайға біз ғылыми қызметкерлермен шығып, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ағаш сыртынан қанағаттанарлық жағдайда. Ішінде 30 процент қурауы бар екен. Сол үшін ағаш құлаған. Өтемі сотқа байланысты. Егер сотқа арызданса, оны сот шешеді.

Былтыр Алматыда наурыз айында дауыл соғып, 200 ағаш құлаған болатын. Соның кесірінен 69 автокөлік зақымдалды. Бұл оқиға алматылық жүргізушілердің біразын темір тұлпарсыз қалдырды. Өйткені кейбіреулер әлі күнге өтемақы алмаған. Алматы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, қазір шаһарда 3 млн түп тал-терек өсіп тұр. Апатты жағдайдағы 79 мың ағаш бар. Былтырдан бері құзырлы мекеме 5 мың жарамсыз талды кесіп тастаған. Жыл соңына дейін 16 мың құлағалы тұрған ағашты кесеміз деп отыр. Оның орынан 300 мың түп көшет отырғызылады. Шаһардағы кейбір ағаштардың жасы ғасырдан да ұзақ. Құлағалы тұрғандарының барлығын кесу үшін кемінде бес жыл керек дейді құзырлы орган мамандары. Олар апатты жағдайды болдырмас үшін, кәрі ағаштар мәселесі жіті назарда екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу