Бүгін Шымкент қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау ісімен айналысып жатқан жұмыс тобы экспедицияға аттанды. Тарихшы ғалымдар мен ерікті жастар ауыл-аймақтағы азаматтармен, ондағы көнекөздермен жолығып, зұлмат жылдар туралы жадында қалған мәліметтерді жинақтайды. Экспедиция 5 бағыт бойынша 31 зерттеу нысанын аралап шықпақ.
Былтыр құрылған жұмыс тобы репрессия және ашаршылық жылдарында жазықсыз жапа шеккен 1 миллионға тарта азамат туралы дерек жинақтаған. Сондай-ақ бұл іске Шымкенттегі саяси-қуғын сүргін мұржайының қызметкерлері де атсалысуда. Олар 30-жылдардың зобалаңында нақақ сотталған тағы 7 мыңнан астам азаматқа қатысты мәліметтер тапқан. Оның ішінде екі жарым мың адам ату жазасына кесілген болса, тағы 530-ның қалай ажал құшқаны әлі күнге беймәлім болып келген.
Гүлнар Жанысбекова, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның Шымкент қаласындағы жұмыс тобының жетекшісі:
Тұрғындармен кездесуге қоса жаппай ату орындары іздестіріледі. Сонымен қатар, экспедиция жұмысының нәтижесінде Шымкент қаласының архивіне толық видео, аудио материалдар мұрағатқа тапсырылады. Үлкен қор жасақталады.