«Astana ballet» Мемлекеттік театры гастрольдік сапармен аймақтарға жол тартпақ. Би ұжымының республика аумағындағы алғашқы гастролі Өскемен қаласынан басталғалы отыр.
Ақпанның 14-і мен 15-і күндері театр бишілері қала тұрғындарына әлемге әйгілі ең үздік қойылымдарды ұсынады. Қазір соңғы дайындық пысықталуда.
Өскемендіктердің назарына театр ұжымы 20-ға жуық қойылым ұсынбақ. Дені - қазақтың ұлттық билері. «Қыз Жібек», «Шашу», «Құс жолы», «Қарлығаш». Атауы да, қимыл-қозғалысы да қазақтың бүкіл болмысын көрсетіп тұрғандай.
Айта кетерлігі, театр атауы балет болғанымен, репертуары тек классикалық балетпен шектелмейді. Бишілер балет пен заманауи би қимылдарын әдемі қабыстырып, байланыстырып жеткізеді.
Айгүл Әбікенқызы, «Astana ballet» Мемлекеттік театрының қоюшы балетмейстері:
Біздің репертуарымызда 40-тан астам би бар. Жас хореограф мамандардың жаңа қойылымдарын осы концерттік бағдарламаға енгіздік.
«Astana ballet» ұжымы өткен жылы Қазақстанның Қытайдағы мәдениет күндері аясында Бейжің мен Шанхай қалаларында жеке концертін өткізген.
Сол жолы қытай биін жергілікті бишілерден де артық орындап, қытайлықтарды бір таңқалдырғаны бар. Ал, қазақтың ұлттық биін орындағанда, қытайлықтардың қошеметі тіпті зор болды.
Аңсаған Көбентай, «Astana ballet» Мемлекеттік театрының бишісі:
Қазақ биінің өзіндік бір қасиеті бар. Себебі, қазақ қызының инабаттылығы сахнада көрінеді. Бұл - біздің Қазақстан бойынша алғашқы іссапарымыз болғандықтан, үлкен дайындықты талап етеді.
Театр Өскеменнен кейін Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларына жол тартпақ. Ал, одан кейін жазға қарай Франция, Австрия, Ресей, Түркия, Корея сахналарында өнер көрсетудің сәті түспек.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
|