Ыстамбұлда Түркі кеңесінің VIII саммиті өтті
Тамыры бір тарихы ортақ Түркітілдес мемлекеттердің басшылары бүгін Ыстамбұлда бас қосты. Мұнда түркі кеңесінің VIII саммиті өтті. Алқалы жиынға Қазақ, Түрік, Қырғыз, Өзбек, Әзірбайжан және Мажар мен Түрікмен басшылары қатысты. Тарихи деп бағаланған саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерге ортақ 5 негізгі бағытты айқындап берді. Әрі саммит қорытындысы бойынша «Түркі әлемі 2040» бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ ұйымның атауы ресми түрде өзгертіліп отыр. Айта кетерлігі қазір Түркі кеңесіне қосылғысы келетін елдер көбейген. Бірақ олардың барлығын қабылдау мүмкін емес. Ыстамбұлдан Досжан Маратұлы хабарлайды.
Түркітілдес мемлекеттердің басшылары соңғы рет екі жыл бұрын Бакуде бас қосқан. Кейін коронавирус олардың жүзбе жүз жолығуына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне осы пандемияның салдарынан ағайын елдердің алыс-берісі сәл азайған. Сондықтан сауда саттықты ғана емес, түбі бір түркі елдерінің қарым-қатынасын жандандыра түсу үшін президенттер Ыстамбұлға жиналып отыр.
Түркияның ең ірі қаласында Түркі кеңесінің штаб пәтері орналасқан. Сағынысып көріскен президенттер осында бой көтерген ұйым секретариятының жаңа ғимараттын ашты. Кейін саммитті өткізу үшін қаладан шығып, Мәрмәр теңізінде орналасқан аралға бет алды.
Досжан Маратұлы, тілші:Бұл демократия және бостандық аралы. Саммиті өткізу үшін бұл жердің таңдап алынуы бекер емес. Осында өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары премьер-министр Андан Мендерес төңкеріс жасамақ болды деген желеумен сотталып, кейін асып өлтірілген. Ол көзі тірісінде Алтай ауып, Анадолы жеріне қашып келген қазақтарды құшақ жая қарсы алған.
Сол кездегі демократиялық партия жетекшісінің жерлестерімізге жасаған жақсылығын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та еске алды. Мұны қазақ халқы ешқашан ұмытпайтынын жеткізіп, Түркияға алғысын айтты.
Бір кездегі саяси босқындардың аралы қазір Түрік халқы үшін демократия символы. Тарихи қастерлі жер. Осында жиналған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия президенттері үшін бұл Түркі кеңесінің сегізінші саммиті. Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы елдер. Ал Кеңестің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жолдап, қазіргі күрделі жағдайда күш біріктіруіміз керек деді.
Ал Мемлекет басшысы түркі әлемінің әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.
Айтуынша ұйым ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Пандемия адамзатқа орасан зор зиян келтірді. Біз осы сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды.
Ол үшін Президент түркі әлемі бірлесіп жұмыс істеуі тиіс негізгі бес бағытты айқындап берді. Алғашқысы – жасыл экономикаға көшу. Бұдан соң жаһандық жылыну үдерісі, су және азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаларық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану секілді аса маңызды мәселерді бірлесіп шешу қажет екенін тоқталды. Дамыған елдер бұған әлдеқашан бағыт алған. Біз де қалып қоймауымыз керек. Тағы бір маңыхзды міндет – сутегі энергетикасын дамыту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік. Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз. Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын.
Ал Реджеп Тайып Ердоған кеңеске мүше елдер жасыл экономика бағытында ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыруы керек деді. Әрі халықты табиғи апаттардан қорғап, салдарымен күресудің ортақ механизмін әзірлеу қажет. Тек табиғи апатқа ғана емес, террорлық актілерге де тойтарыс бере білу маңызды.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:Ислам дініне және бейбіт халыққа дұшпандық сияқты бүгінгі күннің өзекті мәселесі бар. Біз жоюшы күштерге қарсы тұра білуіміз керек. Әсіресе ДАИШ және ФЕТО сияқты зұлым орталықтармен күресімізді жалғастыруға бел байладық. Біз бұл бағыттағы ынтымақтастықты арттыруымыз қажет.
Қазір кеңеске қызығушы елдер көп. Тіпті бақылаушы ретінде кіргісі келеді. Бірақ барлығын қабылдау мүмкін емес. Сол үшін оларға серіктес мәртебесі берілетін болды. Тағы бір жаңалық. Түркі инвестициялық қоры құрылады. Қаржы экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыру үшін жұмсалмақ. Әрі кеңестің атауы Түркі мемлекеттер ұйымы болып өзгертілді. Қазір ұйымға мүше мемлекеттердің халық саны 160 млн-ға жуықтайды. Бұл елдер өзара жыл сайын жүздеген миллиард доллардың өнімін саудалайды. Әлем экономикасын әлсіреткен пандемия, бізге де әсерін тигізіп отыр. Бірақ бауырлас елдер пандемияға қарсы күш біріктіре білді. Әрі алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткізді. Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды. Ал Таулы Қарабақ мәселесі Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты. Енді Кеңестің төрағалығы Түркия Республикасына өтеді.
Досжан Маратұлы, тілші:Жалпы Түркі кеңесі 2009 жылы Елбасының бастамасымен құрылғаны белгілі. Содан бері туыс елдерді топтастырған ұйымның ауқымы кеңейіп, нығайып келеді. Мұны кезінде кеңестің келешегіне күмәнмен қараған сарапшылар да мойындап отыр. Оның үстіне бұл жолғы саммитке бақылаушы ретінде қатысқан Түрікменстан келер жылы толық қанды мүшелікке өтпек. Бұл түркі альянсының саяси салмағын одан сайын арттыра түсетіні анық.
Досжан Маратұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы