Инфляция әлегі әлі бітпеді. Етек-жеңімізді жинамасақ, алдағы жылы да құтылу қиын. Бұл тіпті дамыған елдерге де төнуі мүмкін қауіп. Ал еліміз қайтсек те инфляцины 8,5 пайызға тұрақтандырамыз деп тырысып бағуда. Үкіметтің бүгінгі отырысында бұдан басқа игерілмеген қаражат туралы да айтылды.
Бюджет кірісіне кідіріс жоқ. Мемлекетке 8 трлн 700 млрд, ал республикалық қазынаға 5,6 трлн теңге түскен. Салығы бар, басқасы бар 10 айда 13 млрд теңгеге асыра орындалды. Бірақ қаржыны игеруге келгенде именіп қалатын министрліктер бар. Төтенше жағдайлар, цифрлық даму, денсаулық сақтау, ішкі істер, тіпті қаржы ведомствосы бар барлығы 40 млрд теңгені ұқсата алмаған. Ескі әдет, ескі қателік сол.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:Шот-фактуралардың, орындалған жұмыс актілерінің уақытылы ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсыну, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі - себеп.
Кірістерге көңіл көншігенмен, халықаралық валюта қорының болжамы қорқынышты. Дамыған және дамушы елдердегі инфляция келер жылдың ортасына қарай қалыпқа түседі. Егер тауар тасымалы тоқтаса, шикізат пен азық-түлік бағасы өссе, онда тағы 2 жыл жағдай оңалмайын деп тұр. Бірақ қиындықты еңсеру керек. Президенттің инфляцияны ең болмағанда 8,5%-ға дейін тұрақтандыруды тапсырғаны есте. Бірақ әзірге жылдық инфляция 8,9%.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде тауар нарығындағы теңгерімсіздіктерді жою мақсатында жүйелі және алдын алу шараларын қабылдау инфляцияны тұрақтандыруға және 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге енуге мүмкіндік береді.
Премьер-Министр отандық өндірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді және халықты жұмыспен қамтуды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:Еліміздің экономикасы сенімді өсу қарқынын жалғастыруда. 10 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5%-ға дейін жеделдеді. Жалпы, азық-түлік инфляциясының өсімін тежей алдық. Осы бағытта белсенді жұмысты жалғастыру қажет.
Әйтпесе тағамнан тыс инфляция түрлері де қосылып қымбатшылық тудырып отыр. Дизель отынының бағасы 34 теңгеге күрт өсуінің өзі өзекті. Жағармай құнының аспандауы жылдық инфляцияны төмендетуге ырық бермеген.
Нысаналы Ығыл