Жаңаөзендегі мұнай-газ өңдеу зауыты жабылады. Оның орнына 2024 жылы жаңасын ашу жоспарланып отыр. Бірақ, бұл елдегі газ тапшылығы мәселесін шешеді деген сөз емес. Көгілдір отынға көшкен көліктер көбейген. Екі жылдай бұрын олардың саны 140 мыңның айналасында болған. Биыл 310 мың көлік газбен оталады.
Жалпы тұтыну көлемі 1 млн 600 мың тоннаға жеткен. Ал, ішкі нарықтағы сұраныс айына 145 мың тонна болса, өндірілетіні 120 мың тонна. Тапшылықты жою үшін теміржол арқылы газ тасымалына тыйым салынуы мүмкін. Бұған дейін автокөлікпен тасу шектелген. Сала вице-министрі газ тапшылығына соқтырған нақты себептерді атады. Алғашқысы Павлодар мұнай өңдеу зауыты мен ТеңізШеврОйл компаниясында жөндеу жүргізілген. 2019 жылдан бері газ электронды сауда арқылы сатылады. Аздығына байланысты биржада баға көтеріліп, газ құю бекеттері сауда жасамаған. Содан өнім өңірлерге жетпей қалды. Қазір 70 пайыз өнім ішкі нарыққа электронды сауда арқылы сатылады. Келер жылы 100 пайызға жеткізу көзделген. Яғни, бағаны биржа анықтайды. Республика аумағында орташа бөлшек сауда бағасы литріне 99 теңге. Облыстарда 70-пен 120 теңге аралығында.
Мұрат Жөребеков, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
Зауыттарды инвестициялық тұрғыдан ынталандыру үшін, өндіріс көлемін ұлғайту үшін біз биржалық сату алаңына көшіп жатырмыз. Неге десеңіз биржалық алаңда сұраныс пен ұсыныс бағаны реттейді. Сондықтан мемлекеттік органдардың ол іске кіретін жағдайлары болмайды.