Бокстан Белградта өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті. Жартылай финалда құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов Жапон спортшысына есе жіберіп, жарыс жолын қола медальмен қорытындылады. Ал, қарсылас шақ келтірмеген төрт боксшымыз бәсекенің финалында өнер көрсетеді. Қазақстандық жанкүйерлердің үкілеген үміті кімдер? Тілші материалында.
Белградта өтіп жатқан ерлер арасындағы бокстың ХХI әлем чемпионаты аяқталуға жақын. Күллі әлем көз тіккен бәсекеде қазақ боксшылары сәтті өнер көрсетіп келеді. Жарыс басталғалы қарсылас шақ келтірмеген 4 отандасымыз чемпионаттың финалына өтті. Енді Теміртас Жүсіпов, Сакен Бибосынов пен Махмуд Сабырхан және Серік Теміржанов алтынға таласады.
Ширек финалда Теміртас Жүсіпов Беларусь боксшысы Евгений Кармильчикты 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Махмуд Сабырхан да үндістандық қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктірді. Сәкен Бибосынов пен Серік Теміржановтар жанкүйерінің көңілін марқайтты. Сәкен тай елінің, ал Серік кубалық боксшыны 4:1 және 3:2 есебімен жеңді.
Ал, жартылай финалда құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов Жапон спортшысына есе жіберді. Осылайша Қазақстан қоржынына алғашқы қола медаль түсті.
Финалдық кездесулер бүгін басталады. Түнгі сағат 23-00-де шаршы алаңға Теміртас Жүсіпов шығады. Ол алтын медаль үшін Тай боксшысымен сынға түспек. Ал 23:15-те Махмұд Сабырхан жапониялықпен қолғап түйістіреді. Сәкен мен Серік ертең түнгі сағат 11 де жұдырықтасады. Екі қарсылас та америка құрама штатынан. Бокс бәсекелерін «Qazsport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Сәбит Әлдебай