Ақмола облысының Балкашино ауылында 100-ден астам тауық қырылып қалды. Сараптама олардың «Ньюкасл» деп аталатын аурудан өлгенін көрсетіп отыр. Қазан айының басынан бері ауылдың 3 үйінде құс қырылған. «Ньюкасл» ауруы биыл Ақмола облысында бірінші рет тіркеліп отыр. Ермек Елбергеннің сюжеті.
Кенеттен келген індеттен шығынға батқандардың бірі - Татьяна Бон. Оның 50 тауығы өліп қалған.
Татьяна Бон, Балкашино ауылының тұрғыны:Сатып алған тауықтар ғана өлген жоқ. Кейін үйдің тауықтары да қырылды. Ауру көгершіндерден жұқты ма деген күмән бар. Нақты белгісіз. Өз күшімізбен емдеп көрдік, көмектескен жоқ. Ауру тез әсер етеді екен. Барлығы бір аптада қырылып қалды. Өлікселерін пеште, далада өрттеп жібердік.
«Ньюкасл» - вирустық жұқпалы құс ауруы. Мамандардың пікірінше, тауықтарға осы дертке қарсы екпе салынбаған болуы мүмкін. Аурудың шығу себебі де осы.
Өтемақы төленеді ме, жоқ па әзірге белгісіз. Себебі тұрғындар өлікселерді өздері жағып жіберген. Ал ақша төлеу үшін дәлел керек, айғақ құжатпен рәсімделуі қажет. Карантин жарияланса, республикалық эпизоотикалық жасақ келіп, өзге үйлердің құстарын тексереді.Ауыл бойынша зарарасыздандыру жұмыстарын жүргізеді.
Ермек Елберген, тілші:Құстар осы көшедегі мына көршілес орналасқан үш үйде өлген. Бұл үйлер ауылдың шетінде орналасқан. Сондықтан да мамандар елдімекенге түгел карантин енгізудің қажеті жоқ дейді. Қазіргі уақытта осы көшеге ғана карантинтік шектеулер енгізу қарастырылып жатыр. Тиісті құжат рәсімделуде.
Ермек Елберген