Қазақтың киіз үйі Ұлыбританияда зор сұранысқа ие. Ағылшындар оны демалыс және мереке күндері жалдайды екен, кейбірі тіпті қымбат бағаға сатып алғысы бар. Халқымыздың көшпелі тұрғын үйі шетелдіктер үшін несімен қызық және ол қалай шекара асып жүр? Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.
Джил Браун отбасылық шара өткізу үшін киіз үйді жалға алуға келіпті. Бірге шеге қақпай ақ, оңай құрылып, тез жиналатын қазақы үйге ағылшындардың қызығушылығы артқан. Жазда салқын, қыста жылы, сәні мен салтанаты келіскен киіз үй британдықтарға таңсық болғанымен, сатып алуға ниеттілер көп. Құны - 3 млн теңге.
Джил Браун, клиент:Маған шынымен де ұнайтыны сыртқы келбеті. Гобелендер мен киіздері әдемі. Ішінде орналасқан жиһаздары да керемет. Өте ыңғайлы және алуан түрлі түске бай. Менмұндалап тұрады. Мен осындай киіз үйдің біреуін иеленгім келетіні рас.
Киіз үйдің ішіндегі жасауы көздің жауын алады. Ұлттық нақышта тігілген көрпе-төсегі бар алты қанат үйді кезінде қазақстандық кәсіпкер ағылшын компаниясына сыйға тартқан. Компания өкілдері енді оны бизнес көзіне айналдырып, жалға беріп жүр. Мәселен, сенбі-жексенбі күндері пайдаланғысы келетіндер 500 стерлинг фунтын, яғни 300 мың теңге төлеулері керек. Алты қанат үйді компания қызметкерлерінің өздері құрып, жығып береді.
Генри Даул, компания өкілі:Киіз үйлер Ұлыбританияда және Еуропаның көптеген өңірлерінде зор сұранысқа ие. Олар табиғатпен байланысқысы, көшпенділер өмір салтын ұстанғысы келетіндерді қатты қызықтырады. Табиғатқа етене жақын болып, қарапайым өмір сүргісі келетіндер киіз үй жалдайды.
Туристік аумақтың иелері, жергілікті әкімшіліктер, мектептер, мерекелік шара ұйымдастырушылар - тұрақты тұтынушылар. Әсіресе, үйлену тойларын өткізу үшін киіз үйлерді жалдайтындар көп. Компаниядағылар кәсіптерін одан әрі дөңгелету үшін Қазақстанға сапарлап келгісі бар. Киіз үйді қолдан жасаудың қыр-сырын меңгеріп, іскерлік байланыс орнатуды көздейді.
Марина Бекенова