Биыл кәмелетке толмаған 130-дан аса бала өз-өзіне қол салған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл кәмелетке толмаған 130-дан аса бала өз-өзіне қол салған

28.10.2021

Елімізде жасөспірімдер арасында суицид көбейген. Биыл кәмелетке толмаған 130-дан аса бала өз-өзіне қол салып, көз жұмған. Ал қазан айында суицид жасаған оқушыларға қатысты білім беру ұйымдарының 30-ға жуық қызметкері жауапкершілікке тартылды. Мамандардың пікірінше, мектептегі психологтың жұмысы дұрыс жолға қойылмай, мәселені шешу қиын. Ақерке Бектас жалғастырады.

Өткен аптада ғана Ақтөбеде 13 жастағы қыз тұрғын үйдің 20 қабатынан секіріп кеткен. Қара жамылған ата-анасы баланың мұндай әрекетке баруына не түрткі болғанын түсінбей дал. Өрімдей қыздың әкесі виртуалды ойынның кесірі болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Ерболат Қожақов, марқұмның әкесі:
Ұрған да жоқпыз. Ерке қыз болды. Атасының қызы. Туған күндерін бірге жасағанбыз. Кезінде біз сол аулада тұрғанбыз. 

Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, биыл Қазақстанда 137 бала суицид жасаған. Ал 296 оқушы өз-өзіне қол салмақ болған. Бұған дейін депутаттар мектеп оқушыларының 12%-і буллинге ұшырайтынын, оның суицидке итермелеуі мүмкін екенін айтқан. Олар Бала құқығы туралы заң жобасына өзгеріс енгізуді ұсынды.

Динара Закиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бірқатар өңірде суицид көрсеткішінің өсуі байқалады. Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары. Бұл – өте қорқынышты көрсеткіш. Осыған байланысты заң жобасында осы мәселені шешу үшін орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысын үйлестіру тетіктерін реттеуді ұсынамыз.

Психологтар баланың мұндай әрекетке баруына пандемия да әсер еткенін айтады. Онлайн оқумен бір жылдан аса үйде отырған кейбір оқушылар социофобияға ұшыраған. Бұдан бөлек, бүгінгі буын жапондық анимацияға әуес. Алтыншаш Матаеваның пікірінше, оның да бала психикасына кері әсері бар.

 Алтыншаш Матаева, «Janym» қоғамдық қорының психологы:
Бір жыл балалар үйде отырып қалды. Үйде қамалып отырған балалар қазір оффлайнға көшті. Қазіргі таңда олардың психикасына әсерін тигізетін нәрсе өте көп.  Ресейлік психологтар зерттеген. Көптеген жапондық анименің ішінде балалардың психологиясына кері әсерін тигізетін моменттер бар.

Жауапты министрліктің мәліметінше, қазан айында суицид жасаған оқушыларға қатысты білім беру мекемелерінің 30-ға жуық қызметкері жауапкершілікке тартылған.

Тимур Қазтуғанов, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
Сонда әр психолог-педагог 450 балаға жауап береді. Әрине, физикалық тұрғыда олардың әр баламен жеке кездесуге уақыты жетпейді. Тек баланың оқу үлгерімін бақылау арқылы кейбірімен жеке сөйлесуге мүмкіндік болады.

Психологиялық көмек көрсететін бір ғана қоғамдық қорға айына 130-ға жуық жасөспірім қоңырау шалады. Балалардың көбі отбасы мен мектепте қысым көргенін айтып хабарласады екен.

 Ақерке Бектас, тілші:
Әрине, өскелең ұрпақтың өмірден күдер үзуіне тек психолог жауапты деуге болмайды. Алайда сарапшылар мектептегі психологтың жұмысын тез арада дұрыс жолға қоюды сұрайды. Өйткені елде маман тапшы. Статистикаға салсақ, Қазақстанда қазір 3,5 млн оқушымен небары 7700-ге жуық психолог жұмыс істейді. Тіпті кейбір мектептерде мыңнан аса балаға бір ғана психолог жауап береді. 

 Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу