2018 жылдың мамырынан қарашасына дейін Шымкенттегі 64 мектептің 348 мұғалімі тестілеу сынағына қатыспай, жалған сертификатты сатып алғандары, кейін бұл факті әшкерленіп, Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы Қасымхан Досжанов 4 жылға, бір мектептің оқу ісінің меңгерушісі Айнұр Қарабаева 7 жарым жылға өткен аптада сотталғанын бәріміз естідік. Олар біліктілік санатын жоғарылатқысы келген әлгі мұғалімдерден 2 жарым миллион теңге жиып алған.
Бірден туатын сұрақ – пара берген мұғалімдер ше, олардың әрекетіне құқықтық баға берілді ме? Қандай да бір жауапкершілікке тартылды ма? Таңқалғанымыз, жоқ. Біріншіден, олар құжатты сатып алды. Екіншіден, жалған құжат негізінде мемлекеттен қосымша ақша алды - оларға 195 миллион теңге үстеме төленген. Қылмыс емес пе? Мүмкін біз бірнәрсені түсінбей отырмыз ба? Бұл арасында біреулер «ұсталып» қалатыны болмаса, норма ма?